Ақтөбеде балабақша орнына дүкен салмақ болған кәсіпкердің ісі әшкере болды

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Байқадам тұрғын алабындағы балабақшаға арналған орынға көлікке техникалық қызмет көрсету орны мен дүкен салмақ болған кәсіпкер құрылысты тоқтатты. Тұрғындар 30 соттың жердің бәріне үлен балабақша салуды сұрады. 

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Байқадам тұрғын алабында 1 200 жер телімі берілген. Қазіргі кезде мұндағы жер телімінің басым бөлігінде үй салынып, адамдар тұрып жатыр. Тұрғындар болса балаларын қаладағы балабақшаларға тасымалдауға мәжбүр. 

– Біздің ауыл маңындағы Бауырластар-1 тұрғын алабының балабақшасына балалар сыймайды. Балаға қарау үшін әкесі немесе шешесі жұмыс істемеуі керек. Көлігі бар адамдар қалаға тасиды, өзгесі үйде отыр. Былтыр балалардың ойын алаңына орын жоқ деп айтты. Бос жатқан жерді сұраған кезде балабақшаға арналғанын ескертті. Бұл ауданы 30 сотық жер. Ал биыл бір апта бұрын жеке кәсіпкер «20 сотығына балабақша, 10 сотық жерге техникалық қызмет көрсету орнын саламын» деді. Оған келіспейміз, - деді ауыл тұрғыны Алмаз Жақсыбеков.

Фото: Алтынай Сағындықова

Тұрғындардың бірі бұл жерге дүкен де салынбауы керек деп баса айтты. Себебі ауылда балабақшаға өзге орын қарастырылмаған. Ал кәсіпкер болса бір бөлігіне ғана балабақша салмақ болғанын жасырмады. 

– Мен жерді 2022 жылы аукцион арқылы алдым. Нысаналы мақсаты – балабақша. Енді гараж, дүкен салмаймын, халық наразы. Қасына сияды деп ойлап, салдым. Құрылысты тоқтатып, балабақша саламын. Жобасын өзгертемін, 2 қабатты болады, - деді кәсіпкер Құдайберді Тапаев. 

Тұрғындар жиналған жерге Ақтөбе қалалық жер мониторингі мекемесінің басшысы Алмат Ысқақов та келді. Ол балабақша орнына неге өзге нысан салынып жатқанын түсінбеді. 

– Бұл жер учаскесі 2022 жылы шілде айында аукцион арқылы алынған. 2023 жылдың қыркүйек айында ғимаратқа сәулет-жоспарлау рұқсаты берілді. Сол құжатта көліктің диагностика орталығы мен дүкен желісі жазулы тұр. Алайда бұл жер балабақшаға арналған. Қазіргі таңда жер пайдаланушымен сөйлестік. Олар балабақша салады. Мен құрылысшы емеспін, не салынып жатқанын білмеймін. Енді қайта жоба дайындау керек, - деді ол.

Еске салсақ, Ақтөбенің шалғай ауылдары ғана емес, қала маңындағы тұрғын алаптарда да су тапшы. Орталықтандырылған су жүйесін тарту жұмысы 4 елдімекенде әзір жүргізілмейді. Себебі бұл ауылдардан су қоры табылмады.