Ақтөбеде банкир әріптестерін алдап, миллиондап қаржы жымқырған
19:10, 04 Қаңтар 2020
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде банк қызметкері адамдардың сеніміне кіріп, қомақты көлемде қаржы жымқырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады.
«Алаяқтық жасаған банк қызметкері. Ол алдымен адамдардың сеніміне кіру үшін 50-70 мың теңге алып, кейін пайыздық үстемеақысымен қоса қайтарған. Күдікті өз әріптестері мен таныстарын алдаған. Ақша алып, оны уақытылы иесіне қайтарғанда сенім артқан адамдардың саны көбейіп, олар бірнеше миллион теңге берген. Ал миллиондар қолға тигенде банк қызметкері ақша мен үстемеақыны бермеді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметкері Ерболат Сарқұлов.
Қазіргі уақытта зардап шеккен 8 тұрғын арыз түсірді. Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалып, сот алды тергеу басталды.