Ақтөбеде бауыр мен бүйрек ауыстыру бойынша елуінші операция жасалды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде соңғы 4 жылда бауыр мен бүйрек ауыстыру бойынша 50 ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік дәрігерлер бүйрек ауыстыру отасын өздері жасайды. Ал бауыр ауыстыру кореялық әріптестермен бірге жүргізіледі.

«2014 жылдан бастап Ақтөбе облысында органдарды трансплантациялау бағдарламасы табысты орындалып келеді. Көп жағдайда донор науқастың туыстары болып келеді. Жақында Ақтөбеде бүйрек трансплантациясының кезекті операциясы жүргізіліп, онда науқастың қарындасы донор болды. Бұл - Ақтөбе жерінде жасалған елуінші ота. Соңғы жылдары Ақтөбе дәрігерлері бүйректі трансплантациялау бойынша 38 операция, бауырды трансплантациялау бойынша 12 операция жасады»,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Ақтөбеде медициналық кластер құрылды. Медициналық кластердің арнайы жоспары дайындалды.