Ақтөбеде Бауырластар зиратын жаңарту аяқталды

Фото: None
АҚТӨБЕ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ақтөбеде Бауырластар зиратының жаңарту жұмыстары аяқталып қалды. Бұл жерде соғыс жылдарында ақтөбелік ауруханаларда қайтыс болған кеңес әскерлері жерленген.

Қала әкімінің баспасөз хатшысы Лариса Томчуктың айтуынша, Бауырластар зираты соңғы 15 жылда алғаш рет қалпына келтіріліп отыр, бұл мақсатқа бюджеттен 5,5 млн. теңге қаражат бөлінген.

Тастарды қашау және әрлеу жұмыстарын «Гранит» кәсіпорны жасаған. Тұғырлар, сатылар мен ескерткіштер қара және қызыл гранитты тақталармен қапталған, Сарбаздың мүсіні жаңартылып, тақтайшада қайтыс болғандардың аты-жөні жазылған, 110 шаршы метр аумақта жаяу жүретін жолға тақтатастар төселіп, қақпалар ауыстырылып, қоршаулар жаңартылған. Сондай-ақ 84 бейіттің құлпытастары қалпына келтірілген.

Қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлованың айтуынша, Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақтөбе қаласындағы №13,15 мектептер базасында әскери ауруханалар жұмыс істеген, мұнда бүкіл Кеңес Одағынан жараланған әскерлерді әкелген. Ауруханада қаза тапқандарды бауырластар зиратына жерлеген.

Осы жерде сондай-ақ, майданға Ресейден шақырылған Михаил Калистратович Высотин жерленген. 65 жыл бойы туыстары оның қайда жерленгенін таба алмай келген, тек биыл Ресей Федерациясының мұрағаты олардың ағаларының Ақтөбе қаласындағы бауырластар зиратында жерленгені туралы ақпарат берген. Бүгін Омскіден Ақтөбеге оның туыстары келеді, олар мамырдың 7-і күні Жеңістің 65 жылдығына арналған Бауырластар зиратындағы еске алу митингісіне қатысады.