Ақтөбеде биыл үш дәуірдің ескерткіші зерттеледі

Фото: Фото: Pexels

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында биыл ерте темір, қола және тас дәуірі және ғұн дәуірінің ескерткіштері зерттеледі.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі биыл үш ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Олар: ерте темір дәуірі, қола және тас дәуірі және ғұн дәуірі. 

— Ерте темір дәуірі Мұғалжар ауданы аумағындағы Орқаш қорымында зерттеледі. Қола дәуірі Қарғалы ауданының Таранғұл қонысы мен қорымында зерттелсе, ғұн дәуіріне тән ескерткіштер Қобда және Әйтеке би ауданы аумағында орналасқан, — деді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Оның айтуынша, су тасқынына байланысты қаржы үнемделіп, көп жоба қысқартылған. Дегенмен көктемгі су тарихи қорымдарға зақым келтірмеген. 

— Көктемгі су тасқыны кезінде қандай да бір тарихи орынның бүлінгені туралы ақпарат түспеді. Көшпенділердің бір ерекшелігі, қорымды биік жерге қойған. Қазір біздің зерттейтініміз де осы қорымдар. Қоныстар мен елдімекен біздің аймақта аз. Олар өзен жағасында орналасады негізі. Көне қоныс болса, қола дәуіріне жататыны жерастында болады. Қатты толқын болмаса ашылмайды көбіне. Әзірге ондай ақпарат жоқ, — деді Мейрам Дүйсенғали.