Ақтөбеде бопсалаумен айналысқан колледж студентінен тапанша табылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Алға ауданында колледж студенттері өз қатарластарынан ақша бопсалаған. Күдіктінің бірінен пневматикалық тапанша тәркіленді.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бопсалаумен айналысқан студенттерді ұстады. Олар өздері секілді студенттерді қорқытып, күш көрсетіп, 100 мың теңге алған.
- Күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерінен пневматикалық тапанша, «Toyota Rav4» маркілі автокөлігінен металл бита мен бірнеше газ құтысы бар қорап табылып, тәркіленді, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Тағы бір дерек бойынша екі күдікті ұсталды. Олар да студентті қорқытып-үркітіп, несие рәсімдеуге мәжбүр еткен.
- Колледж студентін 1 млн теңге несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Бопсалау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Барлығы 5 күдікті ұсталды, - деп хабарлады хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбеде адамдарды бопсалаумен айналысқан жоғары оқу орнының студенттері ұсталды.