Ақтөбеде бір бассейнде екі адам көз жұмды

Фото: Pexels

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Полиция екі түрлі уақытта болған оқиға бойынша да Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша іс қозғады. 

Ақтөбе қаласындағы жеке бассейндердің бірінде 27 жастағы ер адам көз жұмды. Осы оқиғадан соң полиция бірден Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша іс қозғалып, тергеуді бастады. Осы аптада дәл сол бассейнде 38 жастағы ер адам көз жұмды.

– Екінші оқиға бойынша да Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша іс қозғалды. Сараптама қорытындысына сүйенсек, ер адам жүрек-қан тамырлары жетіспеушілігінен көз жұмған. Соталды тергеу кезінде нысан әкімшілігінің жұмысына, соның ішінде қауіпсіздік талаптарының орындалуына қатысты құқықтық баға беріледі. Сонымен бірге адам өмірі мен денсаулығын сақтау үшін техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ұйғарым берілді, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Айта кетейік, биыл шілдеде Атыраудағы бассейнде хлордан уланудың ықтимал дерегі тіркелді. Медициналық көмекке жүгінген 14 адамның 3-еуі ауруханаға жатқызылды.