Ақтөбеде бір күнде екі бала терезеден құлап кетті

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Екі бала да дін аман. Полиция ата-аналарды сақ болуға шақырды.

Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабында 6 жастағы бала екінші қабаттан құлап түсті. Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында 4 жасар бала үшінші қабаттан құлады.

- Екі жағдайда да балалар бір сәтке ересектердің назарынан тыс қалып, терезедегі шыбын-шіркейге қарсы торды итеріп қалып, құлаған. Қуанышқа қарай, балалардың денсаулығына зиян келген жоқ,- деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Руслан Наурызбаев.

Айта кетейік, Астанада балалардың терезеден құлауы кейінгі үш жылда көбейген. Бұл туралы № 2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары Медет Нұғманов мәлімдеді.