Ақтөбеде бірнеше спорт кешені мен тұрғын үй құрылысы аяқталмай тұр

Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе облысының аудандарында тұрғын үй мен мектеп, спорт кешенінің құрылысы аяқталмай тұр. Мердігерлерді жосықсыз деп тану үшін бірнеше жыл өтіп кетіп, кейбірінің құрылыс жүргізуге арналған құжаты жарамсыз болып қалған. Бүгінде олардың саны 18-ге жеткен, деп хабарлайды Kazinform.

Кейінгі жылдары Ақтөбе облысында құрылысы тоқтап тұрған нысан саны артты. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Саламат Есқалиевтің айтуынша, облыстағы әрбір үшінші нысан проблемалық деп танылған. Қазіргі кезде Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарған Нағымжан Алдияров жұмыстан кетті. Ал құрылысы тоқтап тұрғын нысандарға қайта жоба жасалып, қаржы бөлінеді. 

Әйтеке би ауданында тұрғын үй мен спорт кешенінің құрылысы аяқталмады

Әйтеке би ауданында 2 қабатты 8 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталды. Мемлекеттік сатып алу кезінде «РБ-Строй» ЖШС-і жеңімпаз деп танылғанымен, құрылыс жұмысын жүргізген компания өзге. Негізі келісімшарт құны - 175 млн теңге. 2021 жылы 29 млн теңге, 32,5 млн теңге игерілді. 

Фото: Алтынай Сағындықова

«Мердігер құрылысты аяқтауға қауқарсыз. Бірнеше рет құрылтайшысы ауысты. Есепшоттары да бұғатталды. Сотқа жүгінген кезде биыл қазан айында аяқтаймыз деп айтқан. Бүгінде ештеңе де істелген жоқ, құрылыс аяқталмады. Сотқа қайта жүгінеміз. Осылай жүргенде сараптама уақыты да біткелі тұр», - деді Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Арман Алдабергенов. 

Сонымен бірге ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2018 жылдан бері аяқталмай тұр. 

«2018 жылы басталған құрылысты мердігер аяқтай алмай, сот отырысы өтті. Кәсіпкерге 8 млн теңге айыппұл салынды. Кейін қайта түзету енгізіліп, мердігер анықталды. Екінші мердігер де құрылыс жұмыстарын аяқтамай, іс сотқа дейін барды. Оған да 8 млн теңге айыппұл салынды. Қазір қайта түзетуді қажет етіп тұр. Жауын-шашын, қар кезінде көп нәрсе бүлінді. Төбесі де жабылмай, қабырғасы сыр бере бастады. Тот басқан. Кей жерлерін қайта бұзып, жаңарту қажет», - деді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев. 

Ырғызда тұрғын үй мен спорт кешенінің құрылысы аяқсыз қалды

Шалғай орналасқан Ырғыз ауданында да дәл осындай жағдай. Мұндағы Құрылыс ауылында ангар типтес дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасы құйылған күйі қалған. 

«Мердігер 10 қабатты үй салатын сияқты жерді қазып, темір тартып, цемент құйды. Жобалаған кезде келіп, дұрыстап қарауы керек еді»,- деді ауыл тұрғыны Темірбек Зейінұлы.

Фото: Алтынай Сағындықова

Алғашқы кезде бұл жобаға 244 млн теңге қарастырылған. Алайда «Ерқанат» ЖШС-і жұмысты дұрыс жүргізбей, келісімшарт үзілді. Енді қайта мемлекеттік байқау жарияланып, келер жылы құрылыс жандануы тиіс. Сондай-ақ ауданда 8 қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталмай тұр. «РБ-Строй» ЖШС-імен 175 млн теңгеге келісімшарт жасалғанымен, толық аяқталмады. Су, газ, жарық желісі тартылуы тиіс. 22,7 млн теңгенің жұмысы қалып тұр. 

«Келісімшартты біржақты бұзуды жоспарлап отырмыз. Себебі мердігер компанияның есепшоты бұғаттаулы, құрылысты әрі қарай жалғастыруға қауқарсыз. Байланысқа да шықпайды», - деді Ырғыз ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Өксікбаев. 

Қарғалыда өнер мектебі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде құрылыс баяу

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданында қазір Өнер мектебінің құрылысы баяу жүріп жатыр. Құрылысы 2017 жылы басталғанымен мердігер қажетті материалдардың қымбат екенін желеу етіп, бірнеше жыл бойы созып жүріп алған. Жобалық-сметалық құжатқа қайта өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, биыл мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.

«Біз өнер мектебін көптен күткен едік. Балалар үнемі жаңа ғимаратқа қашан көшетіндерін сұрайды. Біз жұмыстың қызу жүріп жатқанын көргенімізге қуаныштымыз», - деді ауыл тұрғыны Сабина Құмарова. 

Фото: Алтынай Сағындықова

Сонымен бірге Қалғалы ауданында 2018 жылы құрылысы басталған дене шынықтыру кешені әлі күнге дейін пайдалануға берілмеді. Мұнда да жобалық құжаттамаға қайта түзету енгізілді. Құрылыс келер жылы сәуір айында аяқталуы тиіс. Алайда кестеге жұмыс істей алмаған мердігерді тапсырыс беруші сотқа берді. Сот мемлекет пайдасына айыппұл өндіріп алу туралы шешім шығарды. 

Құрылысы ұзаққа созылған нысандарға басымдық бердім – облыс әкімі

Биыл қыркүйек айында Ақтөбе облысына әкім болып тағайындалған Асхат Шахаров қазіргі кезде аудандардағы проблемалық нысандарды аралап жүр. Олардың арасында мектеп, спорт кешені, мәдениет ошағы мен жол құрылысы, газ тарту мен су құбырын жүргізу нысандары бар. 

«Аудандарға алғашқы сапарымда проблемалық құрылысқа басымдық беріп отырмын. Халық сұранысы бойынша сол нысандардың құрылысын жалғастыру үшін облыстық мәслихат сессиясында ұсыныс жасап, әлеуметтік нысандарды қолданысқа беруге күш саламыз», - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.