Ақтөбеде бүтін бір шағын аудан тұрғындары қыста тоңып отыр

Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласындағы Есет батыр шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлер қыстың аязды күнінде тоңып отыр. Мұнда көбіне мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлері, тұрғын үй кезегімен пәтер алғандар қоныстанған.

Шағын ауданда өз жылыту қазандығы да бар. Алайда тұрғындар қыста тоңып, кейде түней алмай, туыс жағалап кетеді.

Фото: Алтынай Сағындықова

- Есет батыр тұрғын алабындағы 1-шағын ауданында тұрамын. Биыл жылыту маусымында көп шағым болды. Алайда мен тұратын үйдің жылу жүйесі 2021 жылдан бері дұрыс емес. Үйіміз салқын, өмір сүру мүмкін емес. Көп шағым түсірдім, Е-өтініш арқылы да арыз жаздым. Мамандар келіп, «бәрі жақсы» деп айтып кетеді. Сүзгіні де ауыстырдым, ештеңе өзгермеді,- деді тұрғындардың бірі Динара Ермурзина.

Ал Гүлдана Ерсайынова болса төрт баласымен бірге ас бөлмесінде ғана ұйықтайды. Өзге бөлменің бәрі суық, ызғар. 

- Екі бөлме болғанын қайтейін, ас бөлмеде тамақ ішіп, сонда ұйықтаймыз. Үй салқын. Осы жылы тіпті салқындап кетті. Біз қызмет көрсетуші «Адал қызмет Ақтөбе» компаниясына, тіпті әкімдікке бардық. Әкімдік «біздің жылуға қатысымыз жоқ» деп шығарып салды. Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөліміне немесе «Aqtobe su-energy group» компаниясына қарай сілтеп жіберді. Бәрі осылай шығарып салады. Қыс бойы ас бөлмеге газ жағып, ұйықтар кезде өшіремін. Таңда ас бөлмеден шықсақ мұздатқышқа кіріп бара жатқандай боламыз. 11 жылдан бері тұрып жатырмын. Соңғы екі жылдағы жағдай осы,- деді Гүлдана Ерсайынова. 

Фото: Алтынай Сағындықова
Фото: Алтынай Сағындықова

- Пәтеріміз үйдің бұрышында орналасқан соң бір бөлмеде екі батарея бар. Батарея қанжылым болып тұрады. Сондықтан терезені, балкон есігін түгел қымтап қоямыз. Жылу ұстау үшін кілемнің астына дейін құрылыс материалын төсейміз,- деді тұрғын Орынбике Убайдуллина.

Есет батыр тұрғын алабындағы 78 көпқабатты үйге «Адал қызмет Ақтөбе» компаниясы қызмет көрсетеді. Тұрғындар шағымынан соң арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізілді. Кейбір пәтер іші шын мәнінде салқын екені анықталды.

Фото: Алтынай Сағындықова

- Өткен аптадан бастап тұрғындардан шағым түсті. Ортақ чат ашылғаннан кейін біз жедел түрде комиссия құрдық. Ақтөбе қаласы тұрғын үй инспекциясына, «Aqtobe su-energy grouр» компаниясының басшысына хабарластым. Пәтерлерді аралау барысында көбінде салқын болды. Тұрғындарға ескертіп, үйлердің жертөлесін толық тексердік. «Aqtobe su-energy group» компаниясы мамандарымен бірігіп өткен аптада магистралды жылу құбырында реттеу жүргізілді. Бүгінгі таңда қалыпты температура ұстап отыр,- деді «Адал қызмет Ақтөбе» компаниясының басшысы Дәулет Нұрланов.

Ал жылу беруші «Aqtobe su-energy grouр» компаниясы ешқандай да іркіліс болмағанын, жылу қалыпты режимде берілгенін жеткізді.

Фото: Алтынай Сағындықова

- Қазіргі таңда Есет батыр ауданына жылу қалыпты жағдайда беріліп жатыр. Барлығы нормативке сай. Түскен шағым бойынша тұрғын үй инспекциясы, қызмет көрсетуші компаниямен бірге бардық. Біздің тарапымыздан ешқандай шектеу жоқ. Кейбір пәтер иелері балкон есігін дұрыс бекітпеген, терезеден жел соғады. Бірінші қабатта тұратындар еденді де бекіту керек. Жылу қазандығы жаңа. Төрт қазандық жұмыс істеп тұр. Екеуі резервте,- деді Aqtobe su-energy grouр компаниясының жылу желілері жөніндегі орынбасары Жанболат Сарманов.

Айта кетейік, қаңтар айында Ақтөбе қаласы Ә.Молдағұлова даңғылы бойында жылу құбыры жарылды. Мұнда жөндеу жұмыстары 5 сағатқа созылды.