«Ақтөбеде бүйрек те, бауыр да ауыстырылады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 наурыз, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, осы жылғы наурыздың басында Ақтөбеде Қазақстан, Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясы және Түркия елдері өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан органдарды трансплантациялау бойынша халықаралық симпозиум болды. Облыста бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы және әлемдік санаттағы оңтүстіккореялық Кангнам Северанс емханасы арасында қол қойылған меморандум жүзеге асырыла бастаған болатын. Бұл келелі кеңесті өңірдегі медициналық кластер құру қадамдарының заңды жалғасы десе де болғандай.

Ынтымақтастық аясында Қа­зақстан аймақтарында органдарды трансплантациялауды дамыту жайы талқыланды. Ауқымды шараға Сеул Ұлттық университеті госпиталінің Президенті Бьюнг Хи Ох, Ресей мен Түркияның ден­саулық салаларындағы беделді қайраткерлері, республикалық трансплантация бойынша үй­лестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев, «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы» АҚ директоры Болатбек Баймаханов, Астана, Шымкент, Алматы ме­ди­цина орталықтарының өкіл­дері қатысты.

Аймақта трансплантацияны дамыту - ауқымды жоба, оны жүзеге асыруға болады, деп санайды республикалық трансплантация жөніндегі үйлестіру орталығының директоры Жақ­сылық Досқалиев.

Оның айтуына қарағанда, бүйрек пен бауырды ауыс­ты­ру бойынша сәтті ота­лар жасалған Ақтөбе облысын трансплантологияның жаңа деңгейіне көтерілді деуге болады. Бұл туралы «Ақтөбеде бүйрек те, бауыр да ауыстырылады» деген мақаладан оқи аласыздар.

Бас басылымда «Көкшетау гүлмен көмкеріледі» атты материал басылды. Көкшетау қаласындағы «Зе­лен­­строй» және «Жасыл Ел НС» жауапкершілігі шектеулі се­рік­­­тестіктері биылғы көктем­нен өндіріс ауқымын кеңейтуге ниетті. Жер жібіп, күн жылыны­сымен қауырт жұмыстар қолға алынып, қала аумағында 20 мың шаршы метр алаңда жұпар иісті гүлзарлар пайда болады. Сонымен қатар, қосымша 5 мың шаршы метр аумақта көк өскіндер егу де қамдастырылған.

Бұл орайда, барлық өскін мен көкжелек қала көркін аша түсер жоғары талғаммен таңдалуда. Әсіресе, қала қақпасы саналатын теміржол, әуежай, автобекет пен мәдени-көпшілік орындар алдындағы алаңдар алуан түрлі гүлдермен көмкерілу жайы назарға алынды. Бұл мақсатта өскіндердің жеткілікті қоры қамтамасыз етіледі.

Өткен жылы «Зеленстрой» се­рік­тестігі 12 мың шаршы метр­ге гүл өскіндерін отыр­ғыз­ған еді. Әйткенмен, өңір бас­шысының тапсырмасымен күз айларында, тағы да 4 мың шаршы метрге балауса гүлдер мен көк кілемдердің отыр­ғызылғандығын айта кеткіміз келеді. ЖШС биылғы міндетті де орындап шығатыны даусыз. Оған «Зеленстройдың» 2600 шаршы метрлік жақсы жабдықталған өскіндер жылыжайы мен өз ісіне берілген мамандары толық негіз бола алады. Жалпы, аталған ұжым соңғы екі жылда 82 миллион теңгенің 1650 мың түп гүл мен жасыл желек көшеттерін отырғызды.

Сондай-ақ, «Жасыл Ел НС» ЖШС 2015 жылы 500 түптен астам саялы ағаш пен 4 мың шаршы метрлік гүл алаңын отыр­ғызуды қамтамасыз еткен. Серіктестік алдағы жылдары өндіріс алаңының ауқымын 10 мың шаршы метрге жеткізуді жоспарлап отыр.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, ел Үкіметі демократиялық, дамыған мемлекеттің бір нышаны - шешім қабылдаудың бір бөлігін орталықтан жергілікті деңгейге беру бағытында жұмыс жүргізуде.

Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құзыретін кеңейту жолдарын қарастыруда. Бұл ретте Елбасы жариялаған Ұлт жоспарының бірнеше қадамы ілгерілетілетін болады.

Ұлт жоспарының 97-қадамында «өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды да­мыту арқылы азаматтардың шешімдер қа­былдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңей­ту» міндеті қойылған. Ал 98-қадамға сәйкес, «селолық округ, ауыл, село, кент, ау­­­дандық маңыздағы қала деңгейінде жер­гілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті ен­гізілетін болады».

Бұған қоса, облыс орталықтарында жә­не республикалық маңыздағы қалаларда азаматтардың бюджет жобаларын тал­қы­лау­ға қатысуының тетіктері енгізіледі.
Осы реформаларды іске асыру мақ­са­тында «Кейбір заңнамалық актілерге жер­гі­лікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әзірленіп, қабыл­дан­ған.
Министрліктің Жергілікті өзін-өзі бас­қаруды дамыту басқармасының басшысы Марғұлан Ермағанбетұлының айтуынша, бұл заң «ауыл әкімдеріне заңды тұлғалардан жиналатын салықтың екі түрін - көлік жә­не жер салығын қосымша береді». Со­ны­мен бірге ауыл әкімдері енді өзі басқаратын елді мекен аумағындағы жер учаскелерін мақ­сатсыз пайдаланғандарға және заңсыз ием­денгендерге айыппұл салу құқығына ие. Одан түскен қаражат та ауылдың төл бюд­жетіне құйылады және әкім оны ор­та­лыққа өткізбей, елді мекеннің мәселелерін шешуге жұмсауға мүмкіндігі бар. Бұл туралы газетте «97-қадам қашан басталады?» атты материалда толық берілген.

Осы басылымда «Қылмыстық заңнама кемел болуға тиіс» деген мақала жарияланды.Өткен демалыс күндері Алматы облысында өткен «Процестік заңнаманы жаңғырту - сот төрелігі және құқық қорғау қызметі тиімділігінің кепілі» тақырыбындағы халықаралық конференциясының екінші күні қылмыстық-процестік заңнаманың новеллаларын талқылауға арналды. Форум жұмысына Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің Көмекшісі - Қауіп­сіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермек­баев, Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми, Бас прокурор Асхат Дауылбаев, Әді­лет министрі Берік Имашев, сондай-ақ ха­лықаралық, үкіметтік емес, қоғамдық, құ­қық қорғаушылық ұйымдардың өкілдері, Гер­мания, Ресей, АҚШ және Украинаның ға­лымдары қатысты. Қылмыстық-про­цес­тік заңнаманы жаңғырту мәселелерін тал­қылауға арналған конференцияның екінші күнін Бас прокурор Асхат Дауылбаев аш­ты. Ол Мемлекет басшысының қоғам сұ­ра­нысына және халықаралық стандарттарға жауап беретін құқық қорғау жүйесін құру туралы тапсырмасын орындау тұрғысында қыл­мыстық-процестік заңнаманы рефор­малаудың және адам құқығын қорғаудың озық процестік тетіктерін енгізудің маңыз­дылығын атап көрсетті.

***

«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында «Гарантия равных прав и условий» дегентақырыппенҚазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкованың көлемді мақаласы берілген.

Әрбір сайлауға қаты­су­шының сайлау туралы заңнаманың негізгі ережелерін белгілі бір дәрежеде білуі тиіс екені анық. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Конституция мен сайлау туралы заңнаманың нормаларын түсіндіру жұмысының түрлі нысандары мен әдістерін қолданады.

Осы мақаланың мақсаты - сіздерді пар­тиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға және мәслихаттар де­пу­таттығына кандидаттарға сайлау нау­қа­ны­ның барлық кезеңдерінде тең жағдай­лардың жасалуына кепілдік беретін және қамтамасыз ететін конституциялық және заңнамалық нормалармен таныстыру.