Ақтөбеде бұзылған бөгеттерді жөндеуге 4 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады

Фото: Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында көктемгі су тасқыны кезінде 15 бөгет бұзылып қалды. Оларды жөндеуге республикалық қордан 3,9 млрд теңге сұралды.

Ақтөбе облысы аумағында 206 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 174-і коммуналдық, 10-ы республикалық және 22-ң жеке меншік. Облыс аумағында көктемгі су тасқыны кезінде 15 бөгет бұзылды. Бұл туралы Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Kazinform тілшісінің сауалына жауабында хабарлады. 

- Тасқын кезінде Алға ауданы бойынша Көсем бөгеті, Қобдада Жарық бөгеттері, Хромтауда Мағаджан бөгеті, Әйтеке би ауданында Тереңсай, Щербаков бөгеттері, Ойылда Ақкемер, Қаратал бөгеттері, Ырғыз ауданында Жаныс би, Ақши, Шеңбертал бөгеттері және Темірде Қара, Құмсай, Еңбекші, Бабатай, Шұбаршы бөгеттері бұзылды. Қазіргі таңда Тереңсай, Щербаков бөгеттері жөнделіп, Т. Жүргенов ауылындағы Ырғыз өзенінің бойы бекітіліп жатыр. Алға ауданында Көсем бөгеті қалпына келтіріліп, Шолақ бөгетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қобда ауданы бойынша Орал-Ойыл, Батыс, Сауқайың, Қобда, Жарық, Қызылжар бөгеттерінде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Тапсырыс беруші - Қобда ауданының әкімдігі. Ойыл ауданы бойынша Қаратал, Ақкемер бөгеттерінің құрылысы басталды,- деп хабарлады Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Сонымен бірге Темір ауданында 8 қорғаныс бөгетін салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде Қара бөгеті қалпына келтірілді, ал Қопа және Құмсай бөгеттерінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Шұбарқұдық, Задепо, Бабатай, Еңбекші, Шұбаршы бөгеттерін салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. 

- Ырғыз ауданында Жайсаңбай, Құйылыс, Белшер, Мамыр, Нұра, Құтикөл, Ырғыз бөгеттерін нығайту үшін жобалық-сметалық құжат әзірленеді. Тапсырыс беруші - Ырғыз ауданының әкімдігі. Өңірдегі бөгеттерді жөндеуге, салуға республикалық қор есебінен шамамен 3,9 млрд тг қаражаттандырылады. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Сонымен бірге ҚР Су шаруашылығы комитетінің тапсырмасына сәйкес «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ Ақтөбе бөлімі және «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Тобол-Торғай бассейндік инспекциясы» РММ Қостанай бөлімінің мамандары бірігіп, комиссия құрды. Өңірдегі 206 гидротехникалық құрылысты көзбен шолып қарау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 112 гидротехникалық құрылысты жөндеу қажет болып тұр, - деп мәлімет берді Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ал коммуналдық меншіктегі 174 гидротехникалық құрылыстардың 17-не көпфакторлы зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Құжат ҚР Су ресурстары және ирригация минстрлігінің келісіміне жолданды. 

Еске салсақ, қазіргі кезде «Ақтөбе» су қоймасында жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сол үшін қоймадағы судың 70% ағызып жіберді