Ақтөбеде дәрігердің қателігінен соң емхана пациентке моральдық шығын төлейді

Фото: Фото: Pexels

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік Бақытгүл Баетова босанған соң тұрғылықты жері бойынша №1 қалалық емхана барып, спираль салдырады. Акушер-гинеколог сол кезде жатырды жартып жіберген. Сот емхананы 600 мың теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді.

Ақтөбе қалалық сотында талап қоюшы Бақытгүл Баетованың арызы қаралды. Іс материалына сүйенсек, талап қоюшы Б.Баетова өз тұрғылықты жері бойынша емханаға барады. Жас ана акушер-гинеколог маманға қаралып, спираль салу ұсынысын қабылдайды. Қызмет тегін көрсетілгенімен, ақтөбелік келіншек өзін бірден жайсыз сезінеді. Сол кезде УДЗ жүргізіліп, медициналық көмек жасайды. Алайда ауырсыну басылмай, ем жүргізген акушер-гинеколог жедел жәрдем шақырады. Оған несеп-жыныс жолдарының басқа немесе бірнеше бөліктеріндегі бөгде зат диагнозы қойылды, жатыр тесілген. Жағдайы орташа ауыр пациентке екі ота жасалады. Ота барысында спираль алынған және жатырдың тесігі тігілді. Науқас шағым түсірген соң тексеру жүріп, акушер-гинеколог, медбике сөгіс түріндегі тәртіптік жауапқа тартылады. Бұдан бөлек әйелдерге кеңес беру бөлімінің акушері, жалпы тәжірибедегі дәрігер бөлімінің аға медбикесі, тағы бір медбике сөгіс алады. Талап қоюшы жауапкерден 1 000 000 теңге моральдық шығын өндіруді сұрады. 

Сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, №1 қалалық емхананы талап қоюшы пайдасына 600 мың теңге моральдық шығын, 100 мың теңге заңгер шығынын өндіруге міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, кеше Ақтөбе гарнизонының әскери сотында екі әскериге қатысты іс қаралды. ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы Мұхит Джавгашев 9 жылға, Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы тергеу тобының аға тергеушісі Асхат Садуакасов 8 жылға бас бостандығынан айырылды