Ақтөбеде дауылдан кейін 200-ден астам үй және бірнеше әкімшілік ғимараты бүлінді. Сонымен қатар мектеп, балабақша ғимараттарында да терезе әйнегі шытынап, шатыры ұшқан.
— Білім беру нысандарының ішінде мектеп, балабақшалардың төбесі ұшып, зақым келген жерлері бар. Қазір техникалық тексеру жүріп жатыр. Тексеру аяқталғаннан кейін білім беру нысандары жөнделіп, 1-қыркүйекке дейін дайын болады. Бюджеттен қаржы бөлініп, қалпына келтіріледі. Сонымен бірге мектеп-интернат ғимаратындағы эвакуациялық бекетке қоныстанған отбасыларды аралап шықтым. Ішінде 20 бала бар. Балалар қала сыртындағы лагерьлерге жіберіледі, — деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.
Ал Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша, дауыл кезінде шатыры ұшып, қабырғасы сөгіліп кеткен спорт кешені әзірге жұмыс істемейді. Балалар өзге спорт кешенінде жаттығады. Ал жүзу спортымен шұғылданатын балалар облыс орталығында жаттығады.
— Спорт кешеніндегі бассейнді қолдануға болмайды. Жаттықтырушылармен ақылдаса келіп спортшы балаларды Ақтөбе қаласына жіберуге шешім қабылдады. Олар жазғы демалыста облыс орталығында жаттығады, — деді Мейрамбек Махамбетов.
Еске салсақ, дауыл мен нөсер жауыннан кейінгі алғашқы қорытынды жасалды. Онда 300-ге жуық нысанның бүлінгені анықталды. Әзірге шығын көлемі белгісіз.