Ақтөбеде дрон арқылы су қауіпсіздігі туралы ескерту жасалмақ

Фото: ТЖМ

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Шомылу маусымының басталуына байланысты халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ақпараттандыру деңгейін арттыру мақсатында Ақтөбе облысы ТЖД ҚР ТЖМ-нің 20982 әскери бөлімімен бірлесіп, су айдындарының маңында тұратын тұрғындарды хабардар ету науқаны жалғасып жатыр. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті. 

— Өзен, көлдер және басқа да су айдындарына жақын орналасқан елді мекендерде ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы аэровизуалды ескерту жүзеге асырылады. Дыбыс зорайтқышпен жабдықталған дрон белгіленген уақытта әуеге көтеріліп, судағы қауіпсіз мінез-құлық ережелері туралы дыбыстық хабарламаларды таратады, — делінген хабарламада. 

Науқан барысында балалары бар отбасыларға, қарт азаматтарға, сондай-ақ су айдындарының қауіпті учаскелеріне жақын орналасқан тұрғындарға ерекше назар аударылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жетісуда бір күнде екі бала суға батып кеткен еді.