Ақтөбеде екі айлық бала шетінеп, анасы бас бостандығынан айырылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Оқиға Алға ауданында болды. Әйел үйде босанып, баласына дұрыс күтім жасамаған.
Ақтөбе облысы Алға аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 119 бабы 3 бөлігі бойынша іс қаралды. Яғни, анасы баланы қауіпті жағдайда қалдырған. Ол сәбидің шетінеп кетуіне әкеп соқты.
Іс материалына сүйенсек, 38 жастағы әйел былтыр наурыз айында жүкті екенін біледі. Алайда, медициналық мекемеге бармай, тіркеуге тұрмай, жүре береді.
2024 жылдың қараша айында айы, күні жетіп, қызын үйде өмірге әкеледі. Сонда да ол емханаға бармаған, тіркеуге тұрмаған. Сот кезінде анасы баласын дұрыс тамақтандырмағаны, бағып-қақпағаны анықталды.
- Нәресте тонзиллит, екі жақты іріңді, серозды пневмония, іріңді бронхитке шалдыққан. Сонда да анасы еш әрекет жасамай, жаңа туған нәрестеге көмектеспеген. Салдарынан сәби көз жұмған. Сотталушы сот отырысында өзінің кінәсін толық мойындады, жасаған ісіне өкінді. Сот отырысында прокурор сотталушыны Қылмыстық кодекстің 119 бабының 3 бөлігімен кінәлі деп танып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ,- деп хабарлады Алға аудандық сотының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, кеше Ақтөбеде қала күнінен соң жаппай төбелескен жастар ұзақ мерзімге сотталып кетті. Олар жасөспірімді көлікпен қағып, бірнеше рет пышақтаған. Жәбірленуші тараптың моральдық, материалдық шығыны өтеледі.