Ақтөбеде екі қабатты үйдің тұрғыны опырылып түскен баспалдақпен бірге құлады
Ақтөбе қаласында салынғанына 60 жылдан астам уақыт болған екі қабатты үйде баспалдақ опырылып түсті. Дәл сол уақытта баспалдақ үстінде тұрған 40 жасқа тақаған әйел де екінші қабаттан бірінші қабатқа құлап кетті, деп хабарлайды Kazinform.
Оқиға кеше түс мезгілінде болды. Ақтөбе қаласы Гагарин көшесіндегі 7-ші үйдің тұрғыны түскі астан соң жұмыстарымен далаға шыққанда баспалдақпен бірге опырылып түсті.
- Гагарин көшесі 7 үйдегі екі қабатты үйдің екінші қабатында 4 пәтер бар. Онда 10-нан астам жан тұрады. Оқиға кеше түсте болды. Көршім төмен түсіп бара жатқанда баспалдақпен бірге құлады. Содан біз үйден шыға алмай, екінші қабатта қалдық. Бұл үй 1958 жылы салынған. Бірақ 1961 қолданысқа берілген. Құжатта солай жазулы тұр. Үйіміздің төбесінен су ағады. Биыл жылу құбыры жарылып кетіп, подъезд бу болып кетті. Содан электр сымдары да шытынай бастады. Қазір жеке бір компания өкілдері келді. Баспалдақты темірден жасамақ. Ал біз жүріп-тұру үшін ағаш төсеп қойдық. Кейбірі жұмыс деп бір түн үйіне қонбады. Біз тегін нәрсе сұрамаймыз. Терможаңғыртуға рұқсат бергенін қалаймыз. Ал апатты деп жаңасын сатып алуға миллиондарымыз жоқ,- деді тұрғын Елена Чилочи.
Қазіргі кезде зардап шеккен тұрғын дәрігерлерге қаралып жүр. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оны нейрохирургтер мен травматологтар қарап шықты.
- Баспалдақтан опырылып түскен менің келінім. Ол немеремді үйге әкеліп, түскі астан соң сыртқа шыққан. Сол кезде гүрс еткен дыбыс естілді. Шықсам келінім төменде отыр. Жедел жәрдем бір сағатқа жуық уақытта әрең келді. Содан кешке дейін медициналық тексеруден өтті. Бүгін дәрі-дәрмек алу, тексерілу үшін тағы кетті. Денесінде көгерген жері көп. Өзім биіктен қорқамын. Кешеден бері далаға шыққаным жоқ,- деді Марина Давдрих.
Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылы Гагарин көшесі үйдің тұрғындарына қаланың тұрғын үй инспекциясы бөлімі үйдің техникалық сараптамасынан өтуге көмектесті.
- Лицензиялық компания үйді толығымен апатты деп таныған жоқ. Үй күрделі жөндеуден өтуге жарамды деген қорытынды жасап берді. Содан кейін үй тұрғындарына термодернизация бағдарламасы ұсынылды, бірақ олар келіспеді. Олар қазір де қайтадан техникалық тексеруге өз бетінше жүгіне алады. Тек лицензиясы бар мекемеге жасатулары керек. Ол туралы тұрғындарға түсіндірілді. Үй апатты деп техникалық анықтама бергеннен кейін апатты үй ретінде есепке қойылады. Сол жерге тұрғын үй инспекциясының басшысы, мамандар барды. Тұрғындармен "Астана" ауданының әкімі Алмас Жақсылықов кездесті. Сынған баспалдақтың мәселесі шешілді. Жөндеу үшін мамандарды шақырттық. Екі күн ішінде олар жаңа баспалдақ жасап береміз деп уәде етті. Бұрынғы баспалдақтың негізі ағаштан жасалған болатын, енді негізін темірден жасап, қондырып береді,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе қаласында қазір 34 апатты тұрғын үй бар. Жергілікті әкімдік тек 8 үйдегі адамдарды көшірудің жоспарын жасап қойған.