Ақтөбеде екі теміржолшыны күйік шалып, жансақтау бөліміне түсті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Екі теміржолшы да қазір Шалқар аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Еңбек инспекциясы комиссия құрып, тексеруді бастады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Оқиға Ақтөбе облысы Шалқар қаласында болды. Жәбірленушінің қызы Алмагүл Қасымованың айтуынша, қазір әкесінің жағдайы ауыр. Ол денесінің 80 пайызын күйік шалғанын айтты.

— Тыныс алу жолдары да зақымданған. Қазіргі уақытта әкемнің жағдайы өте ауыр. Біз бұл оқиғаның жай ғана ұмытылып кеткенін қаламаймыз. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты, әділ әрі ашық тексеріліп, жауапты тұлғалардың әрекетіне заң аясында баға берілуін талап етеміз, — деп жазды Алмагүл Қасымова. 

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, екі науқас та жансақтау бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы ауыр. Зардап шеккендерге барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Ал еңбек инспекциясы тексеруді бастады.

— Оқиға 13 қазан күні Шалқар ауданында болды. ҚТЖ мекемесіне қарасты екпе ағаштар дистанциясының екі қызметкері зардап шекті. Жағдай жұмыс уақытында болды. Қызметкерлер ауруханада. Қазір тергеп-тексеру басталды, — Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Талғат Искарин.

ҚТЖ баспасөз қызметі де болған оқиғаны растады және тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

Еске салсақ, Ақтөбеде теміржолшы жұмыс орнында жарақат алып, төсекке таңылып қалды. Оқиға 2025 жылдың қазан айында Хромтау ауданындағы Никельтау стансасында болды.