Ақтөбеде елдімекендердің бес пайызында ғана заңдастырылған қоқыс полигоны бар
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Облыста 319 елдімекен болса, оның 15-індегі ғана полигон заңдастырылған. Өзгесінде әлі де құжат жоқ.
Ақтөбе облысы үшін тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптау, өңдеу ғана емес, оны орналастыру да өзекті мәселенің бірі болып тұр. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, облыста 319 елді мекен бар. Бұл ауылдарда тек 15 полигон заңды түрде жұмыс істейді. Ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес, 2025 жылы 155 заңсыз қоқыс орны анықталған, оның тек 76-сы жойылған. Хромтау және Қарғалы аудандарында бірде-бір учаске тазартылмады. Енді жыл соңына дейін тұрмыстық қатты қалдық объектілері толық цифрландырылады. Оған полигондардың жер актілері, жобалары және рұқсаттары туралы мәліметтер, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жөніндегі ақпарат енгізіледі. Қоқыс таситын көліктерге GPS орнатылады, барлық деректер арнайы порталдарға жүктеледі.
- Облыс орталығы мен аудандарда қалдықтарды жинау, шығару, сұрыптау және көму тарифтері, сондай-ақ коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламалары бекітілуі тиіс. Тарифтер барлық жерде бекітілген. Бірақ бағдарлама тек Ақтөбе қаласы мен алты ауданда әзірленген. Қалғаны жыл соңына дейін аяқтауы қажет,- деді облыс әкімдігінде өткен жиында Исатай Еспағанбетов.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кейбір аудан орталықтары мен ауылға жаңа полигон салу үшін жоба әзірленіп жатыр. Олар: Бадамша, Шұбарқұдық, Ырғыз, Ойыл, Т.Жүргенов, Қарабұтақ ауылдары. Қазір облыс орталығында бес қайталама шикізат қабылдау пункті жұмыс істейді. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу саласында 15 шағын және орта бизнес субъектісі қызмет атқарады, олардың алтауы қайта өңделген материалдардан өнім шығарады.
Еске салсақ, биыл Ақтөбенің полигонын сенімгерлік басқаруға алған «Таза Әлем 12» ЖШС қоқыс шығарушыларды да, әкімдікті де сотқа бермек. Ол бұған дейін тасымалдаушылардың келісімшартқа отырмағанын, бір теңге де төлемегенін, бірнеше ай өтсе де өтінішке құлақ аспағанын айтып отыр.
Екі арадағы дау кезінде қоқыс полигон жанына төгіліп, кейін оны жою жұмысы жүргізілді. Ал Ақтөбе экологтері полигон жанына қоқыс төгу дерегін тексереді.