Ақтөбеде Елек өзені аумағында құм өндіріп жатқан компания келісімшарт талаптарын бұзды

Фото: Қоғамдық коммуникация орталығынан

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Өзен жағасындағы жер 2010 жылы жалға берілген. Биыл компания құм-қиыршықтас қоспасын өндіру талаптарын сақтамай, тұрғындар тарапынан наразылыққа ілікті.

Ақтөбе қаласындағы Елек өзенінен құм өндіріп жатқан компанияның жұмысы күмән тудырды. Әсіресе жасыл желекті қорғау талаптары сақталмай жергілікті тұрғын дабыл қақты.

- Жағдайды жан-жақты зерделеу мақсатында облыс әкімдігі жұмыс тобын құрып, аумаққа барып тексеру жүргізді. Әлеуметтік желілерде көрсетілген жер қойнауы учаскесі 2010 жылдың 9 шілдесінде «Тілес» ЖШС-не құм-қиыршық тас қоспасын өндіруге берілгені анықталды. Сол жылы қараша айында Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Тілес» ЖШС-і арасында құм-қиыршық тас қоспасын өндіру шарты жасалған. Тексеру барысында кәсіпорын құм-қиыршық тас қоспасын Елек өзенінің су қорғау аймағында (арнадан 30 м қашықтықта) өндіріп жатқан. Бұл бұрын келісілген жер бөлу жобасының шарттарына қайшы екені анықталды. Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы өз құзыреті шеңберінде тиісті шаралар қабылдайтын болады,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы аумағында 236 жер қойнауын пайдаланушы бар. Оның ішінде 52 жер қойнауын пайдаланушы 71 келісімшарт негізінде көмірсутек шикізатын өндіреді. Ал 79 жер қойнауын пайдаланушы қатты пайдалы қазбаларды игереді. Оларда 15 келісімшарт, 206 лицензия бар.