Ақтөбеде электр сымдарына мұз қатып, бірнеше ауылда жарық сөнді

Фото: Фото, видео: Мұғалжар ауданы әкімдігі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында электр сымдарына мұз қатып қалды. Сабындыкөл, Ақсу ауылдарында бағана құлап, жарық сөндірілді.

Ақтөбеде күн райы күрт өзгеріп, Мұғалжар ауданындағы ауылдарда электр сымдарынан мұзды қағып түсіру жұмысы жүріп жатыр. Мұндай жұмыс Жұрын, Қаракөл, Сабындыкөл, Ащысай, Құмсай, Ақсу ауылдарында жүргізілді.

— Мекемеде 30 желтоқсан және 8 қаңтар аралығында күшейтілген режимде жұмыс атқару бекітілді. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Ақтөбе қаласында және қаладан тыс аймақтарындағы әуе желілерінде апатты жағдай болды. Облыс аудандарында қатты боран мен желдің әсерінен әуе желілерінің бойына мұздықтар қатып, жарықтың берілуінде шектеулер болды. Мекеме мамандары еш кедергіге қарамастан, апат орын алған аймақтарда қалпына келтіру жұмыстарымен айналысты. Өңір бойынша диспетчерлік қызметтерге 200-ге жақын өтініштер түсіп, мамандар ешбір қоңырауды назардан тыс қалдырмады. Бүгінгі таңда 70-тен астам жұмысшы бригада және 130-ға тарта техника электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр, - деді «Энергосистема» ЖШС орталық диспетчерлік қызметінің басшысы Бисен Иманалин.

Фото: Мұғалжар ауданы әкімдігі

Мұғалжар ауданындағы Сабындыкөл, Ақсу ауылдарында жарық ертең ғана жануы мүмкін.

— Кей жерлерде диаметрі 15-20 см болатын мұз қатқан. Салдарынан электр сымдары үзіліп жатыр. Қазіргі таңда Сабындыкөл, Ақсу ауылдарында бағаналар құлап, жарық өшіп тұр. Қажетті материалдар әкелінді. 6 қаңтар күні таңда қалпына келтіру жұмысы жалғасады. 24 сағат бойы жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ ертең Орқаш, Ащысай, Құмсай ауылдарында сағат 9:00–18:00 аралығында жарық уақытша сөндіріледі. Жөндеу жұмыстарын жалғастыруымыз керек, - деді Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов.

Оның айтуынша, кейбір жерлерде линия басындағы мұзды түсіріп, қайта айналып қараса тағы қатып қалғанын көруге болады. 

Айта кетейік, Ақтөбеде тұрғындар үшін сумен қамту тарифі 24,70 теңгеге, ал жылымен қамту 37 теңгеге көтерілді.