Ақтөбеде Еуроодаққа жүк тасымалдайтын әуе хабын құруға дайынбыз — Қасым-Жомарт Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайындағы «Орталық Азия-Қытай» саммитінде қытайлық инвесторларды трансшекаралық өзендердің су жолы арқылы логистиканы бірлесіп дамытуға шақырды.
— Келешекте қытайлық серіктестеріміз трансшекаралық өзендердің су жолы арқылы тасымалды дамытуға қатысатынына үміт артамыз. Қазақстанның батыс бөлігіндегі Ақтөбе қаласында тауарларды Еуропалық Одақ елдеріне әуе көлігімен транзиттеуге арналған жүк авиахабын құруға дайынбыз, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы сауданы бірнеше есе арттыратын басқа да ауқымды және перспективалы көлік-логистикалық жобалар бар екенін еске салды.
— Бұл мәселелердің бәрі мұқият пысықтауды талап етеді. Сондықтан көлік-логистикалық дәліздерді дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеу үшін сараптамалық платформа құру, сондай-ақ тауарларды жедел кедендік ресімдеуді енгізудің Жол картасын қабылдау қажет деп санаймыз, — деді Президент.
Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті өтіп жатыр. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.
«Орталық Азия — Қытай» І саммиті 2023 жылдың 19 мамырында Қытайдың Сиань қаласында өткен еді.