Ақтөбедегі жарылыстан зардап шеккен екі адамның жағдайы белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Ақтөбеде тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кафеде жарылыс болып, салдарынан екі адам зардап шекті. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайына қатысты мәлімет таратты.

Фото: Петропавл көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы

№ 1 қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Қадырбек Иманбаевтың сөзінше, 2026 жылғы 13 қарашада сағат 10:28–де қоғамдық тамақтану нысанында орын алған оқиғаға байланысты жедел медициналық жәрдем қызметіне шақырту түсті.

— Бір минут ішінде оқиға орнына жедел жәрдемнің екі бригадасы жетті. Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, № 1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, — деді Қадырбек Иманбаев.

Еске салсақ, жарылыс салдарынан кафенің жапсарлас салынған құрылымы опырылып, артынша өрт шықты. Сондай-ақ тұрғын үйдің терезе құрылымдары зақымданды.