Ақтөбеде кәмелетке толмаған қызға сексуалдық зорлық көрсеткен ер адам сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 25 жастағы сотталушыға үкім оқылды. Оның кәмелет жасқа толмаған қызға сексуалдық зорлық көрсеткені дәлелденді.
Ақтөбе қаласының 25 жастағы тұрғынына Қылмыстық кодекстің 121 бабы 3-1 бөлігі 1-тармағы және 120-бабы 3-1бөлігі 1-тармағы, яғни зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер бабы бойынша айып тағылды. Сот сотталушыны екі бап бойынша да айыпты деп таныды.
— Қылмыстық кодекстің «Зорлау», «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» баптары бойынша айыпты деп танылып, түпкілікті 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Педагогика саласында, кәмелетке толмағандарға қатысты қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылсын. Жазасын өтеу орны — қауіпсіздігі орташа түзету мекемесі. Жәбірленушіге 2 млн теңге моральдық залал өндірілсін, — деді судья Алтынбек Сабыров.
Сот жабық өтті. Сотталушы бұған дейін істі болмаған және отбасылы екені айтылды. Оқиға 2024 жылы қыркүйек айында болған. Жәбірленуші ол кезде 15 жаста болды. Қылмыстық оқиға сотталушының жұмыс орнында тіркелді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Олар жасөспірімге сексуалдық зорлық көрсетіп, анасын бопсалаған.