Ақтөбеде қан-жоса болып, жанжалдасып жүрген адамдар жұртты шошытты

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе қаласында адамдар арасында төбелес болып, көшеде қан-жоса болып жүрген ер азаматтар жұртты қорқытты. Қазіргі кезде оқиғаға қатысы бар күдіктілердің бәрі анықталып, ұсталды.

Оқиға Ақтөбе қаласындағы 8 шағын ауданда болған. Видеодан бірнеше адамның қан-жоса болып жүргенін көруге болады. Сонымен бірге бірнеше полиция қызметкері мен жедел жәрдем бригадасының өкілі бар. Алғашында көпке бағынбай, қарсыласып жүрген адамның пышақ жарақатын алған болуы мүмкін екені, тіпті бірнеше адамды жаралағаны туралы ақпарат тарап кетті. Алайда полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.

- Оқиға туралы хабарлама келіп түскеннен кейін дереу полиция жасағы жіберіліп, заңсыз әрекеттер тоқтатылды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. «Денсаулыққа зиян келтіру» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр,- деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жедел жәрдем оқиға орнына 19:58-де барды. 30 жастағы ер адамның мойнында кесіп-тесілген жарақат болды. Ол Ақтөбе медицина орталығының хирургия бөліміне жеткізілді. Ал 39 жастағы ер адамның сол жақ шынтағында кесілген жара болды. Оны көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізді.

«39 жастағы әйел де сол ауруханаға оң жақ қолы жараланып, жеткізілгенімен, жатып ем қабылдаудан бас тартты. 32 жастағы тағы бір ер адамның ерні жырылып, басы жараланды. Ол ішімдік ішкен»,-деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде балалардың бетіне бұрышты газ шашқан жасөспірім ұсталды. Ол Ақтөбеде көрші Ресей елінен келген. Полиция оны шекарадан ұстады.