Ақтөбеде қант пен ұнның қабы шығарылады
Ақтөбеде «Қаптама индустриясы» ЖШС-і жаңа цехты іске қосты. Алға ауданы, Бестамақ ауылындағы жаңа цехта жылына 6 миллион қап шығарылады. Қазіргі күні қант пен ұнға, макаронға арналған полипропиленді қапқа сұраныс жоғары.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай облыста кәсіпкерлікті дамытуға, бизнес ахуалды жақсартуға байланысты қажетті шаралардың барлығы жасалып жатыр. Бұл шаралар бізге экономикаға инвестицияны көбірек тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Жаңа цех импортты азайтуға септігін тигізеді», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жаңа цех құрылысы мен құрал-жабдыққа 150 миллион теңге инвестиция салынды. Әрі цехты іске қосуға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында тиімді үстемеақымен несие берілді. «Қаптама индустриясы» ЖШС директоры Әбділмәлік Райымбергеновтың айтуынша, өндірісте отандық шикізат қолданылады.
«Біз полипропиленді Павлодардан сатып аламыз. Дайын өнімге тұтынушылардың логотиптері мен эмблемаларын басып шығаруға арналған құралдар бар. Цех бірнеше компаниямен келісімшартқа қол қойды»,- деді Ә. Райымбергенов.
Айта кетейік, цехта ауылдың 20 тұрғыны жұмыс істейді. Алда тағы 30 адам жұмысқа алынады.