Ақтөбеде қайырымдылыққа деп жинаған ақшаны иемденген қоғамдық қор басшысы сотталды

Фото: pexels.com

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде «More Life» қоғамдық қорының директоры 44 млн теңгеге жуық қаржыны иемденіп, сотта жауап беруден бас тартты. Сотталушы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Ақтөбе қаласының № 2 сотында «More Life» қоғамдық қорының директоры Бибігүл Жулинаға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, «More Life» қоғамдық қорының директоры 2022-2024 жылдар аралығында науқас балалардың ата-аналарының шоттарына түскен ақшалай қаражатты өзіне иемденген. Шығын көлемі — 43 889 429 теңге. Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындамады. Тіпті жауап беруден бас тартты. 

— Жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтары, банктік шоттардан алынған көшірме сотталушының кәнісін дәлелдеді. Сот Қылмыстық кодекстің 190 бабы 4 бөлігі 2 тармағы негізінде сотталушыны кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы № 2 сотының баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мәлімбет Ибрашов сотталды. Оған Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану» бабымен айып тағылды.