Ақтөбеде келіншекті кепілге алған сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Прокурор жарыссөз кезінде сотталушы С.Басановты кінәлі деп танып, түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Бүгін кешке сот үкімі оқылады.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы С.Басановқа қатысты іс бойынша жарыссөз өтті. Прокурор Гүлзира Көшербаева сот отырысы кезінде С.Басановтың кәнісі толық дәлелденді деп санайды.
Оның айтуынша, куәгерлердің жауабы, жәбірленушілердің сөзі, сараптамалардың қорытындысы оған дәлел.
- Басановтың кінәсі толықтай дәлелденіп, дұрыс сараланған деп есептеймін. Сотталушының іс-әрекеті аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Басановтың кінәсін жеңілдететін мән-жайлар жоқ. Басанов психиатр, наркологтің есебінде тұрмады. Сол күні мас емес, сау болған. Қандай да психикалық бұзушылыққа шалдықпаған. Аффект жағдайында болған жоқ. Қылмыстық кодекстің 99 бабы 2 бөлігі 1, 3, 5 тармақтары, 126 бабы 2 бөлігі 3, 4 тармақтарымен, 107 бабы 1 бөлігімен кінәлі деп танып, түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын.
Жәбірленушілердің талап арызын толық қанағаттандырып, моральдық және материалдық залалды өндіруді сұраймын,- деді прокурор Гүлзира Көшербаева. Жәбірленушілер мемлекеттік айыптаушыны қолдады.
Жарыссөз кезінде сотталушы С.Басанов анасы мен кішкентай баласы бар екенін, өмір бойына бас бостандығынан айырмауды сұрады.
- Мен ондай қатыгез адам емеспін. Көптеген арман болып еді. Отбасын құрып, бақытты өмір сүргім келді. Жалғыз анашым бар. Ол да кеше келіп кетті. Енді көре алмайтын шығармын деді. Жазаны жеңілдетуді сұраймын. Менің де өмір сүргім келеді. Кішкентай балам бар, оған тәрбие бергім келеді,- деді сотталушы С.Басанов.
Сот бүгін сағат 17:30-да үкім шығарады.
Еске салсақ, биыл 13 қаңтар күні Ақтөбеде ер адам әйелді кепілге алды. Оқиға орнында болған үш адамның екеуі көз жұмды.
Біреуі ауруханаға түсті. Бірден қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүрді.
Кепілде болған әйел бірнеше күн ауруханада ем қабылдады.
Екі апта бұрын сот алды тыңдауы өтіп, айыпталушыға Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» баптары бойынша айып тағылды.
Сотта жәбірленуші, кепілде болған келіншек өз нұсқасын, сонымен бірге сотталушы өз нұсқасын айтты. Сотталушы С.Басанов тағылған айыпты ішінара мойындады.