Ақтөбеде кепілде болған келіншек сотта оқиғаның мән-жайын айтып берді

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жәбірленуші мен күдікті бұған дейін де таныс болған. Тіпті ұрып-соғып, жәбірленуші ем қабылдаған. Ал оқиға болған күні өгей әкесін көз алдында өлтіріп, кейін полициямен келіссөз жүргізгенде 5 млн теңге талап еткен. 

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айыпталушы Сәрсенбек Басановтің ісі бойынша басты сот отырысы басталды. Сотталушы өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. Ол өлтірді, балтамен ұрды деген айыптауларға келіспеді. Тіпті өзінің балта сілтегенін мүлде мойындамады.

Сотта жәбірленуші Э.Қазтуғанова өз басынан кешкен жайтты айтып берді. Оның айтуынша, оқиға болған күні анасы мен өгей әкесі түскі ас ішіп, әрқайсысы өз бөлмесіне кетеді. Біраз уақыттан соң жәбірленуші анасын іздеп, сұрайды. Бұған дейін есіктің ашылып, жабылғанын естіген ол анасының қарама-қарсы бетте тұратын туысқандарының үйіне кетіп қалды деп ойлады. Кейін далаға шығып, жазғы сарайдың есігі ашық тұрғанын көреді. Ішке еніп, жан-жағына қарай бергенде өзіне таныс адамның ұстап алғанын көріп, сыртқа ұмтылады. Алайда қашып құтыла алмай, сарайда қалады. Сотталушы жәбірленушінің аяқ-қолын скочтап, аузына майлық салып, байлайды.

— Сен менен құтылдым деп ойладың ба деді. Кейін телефон қоңырауына неге жауап бермейтінімді, сөйлеспейтінімді сұрады. Үйде кім бар екенін білгісі келді. Мен болсам анамды сұрадым. Себебі сарайдың ішінен бөгде ешкімді көрмедім, дауыс естімедім, қан ізі болмады. Кейін ол өз ренішін айтып, басымнан ұрды. Бір сәтте әкем кірді. Менің жанымда отырған ол бірден жетіп барып, пышақ сілтей бастады. Кейін балтаны көріп, сонымен ұрды. Әкем алғашында қатты қорқып, қимылдай алмай қалды. Сол кезде қатты қорқып, жан ұшыра ұмтылды, жедел жәрдем шақыруын сұрадым. Мені алып кетуін, оларға тиіспеуін өтіндім, — деді сотта жәбірленуші Э.Қазтуғанова.

Жәбірленуші сот залында өгей әкесін ұрып, жертөлеге тастағанын, қас қарая баласы есік ашып, қорқып кеткенін айтты. Содан кейін полиция мен сотталушы арасында келіссөз жүрген.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Полиция қызметкерлері келген кезде ол күрт өзгерді. Жын кіріп кетті деп айтты, дауысын да өзгертіп сөйлесті. Полиция қызметкерлеріне 5 млн теңге бережақ екенімді айтты. Олар береміз деді, бірақ бұл керек емес деп келіспеді. Келіссөз жалғасып, темекі, энергетик сусынын сұрады. Бірнеше уақыттан кейін жарылыс естідім. Қараңғыда мен бір адам ұстап алды. Ол полиция қызметкері екен, — деді жәбірленуші.

Сотта марқұм Б.Әлиевтің қызы Анар Тәжімұханова да көріп-білгенін айтты. Оның мәліметіне сүйенсек, алғашында анасы мен әкесін өзге пәтерде ұстап отырғанын айтып сендірген. Сол күні сағат 19:00–де басталған келіссөз түнгі 01:00–ге дейін жалғасып, ерлі-зайыпты жертөледе мерт болды.

— «Ата-анамыз қайда» деп біз шырылдап жүрдік. Оларды пәтерде ұстап отыр дегенді естігенде тірі екен деп үміттендік. Есікті түнгі сағат 01:00–ден кейін ғана ашты. Бұл пышақтап, балталағанымен қоймай, бірнеше сағатқа жауып қойды. Көмек көрсетуге мүмкіндік бермеді, — деді жәбірленуші Анар Тәжімұханова.

Сот отырысында жәбірленуші тарап азаматтық талап арыз түсірді. Сотталушы С. Басановтан 50 млн теңге моральдық, 8 504 500 теңге материалдық шығынды өтеуді талап етті.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Еске салсақ, биыл 13 қаңтар күні Ақтөбеде ер адам әйелді кепілге алды. Оқиға орнында болған үш адамның екеуі көз жұмды. Біреуі ауруханаға түсті.  Бірден қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүрді.  Кепілде болған әйел бірнеше күн ауруханада ем қабылдады.  Екі апта бұрын сот алды тыңдауы өтіп, айыпталушыға Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» баптары бойынша айып тағылды