Ақтөбеде кезекті жылыту маусымына дайындық көрсеткіші 40% жетіп тұр

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде 633 жылу қазандығының қазір 282-і дайын. Су-кәріз желісінің 44% жөнделді. 

Ақтөбеде қысқы жылыту маусымына дайындық пысықталды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтің айтуынша, жалпы дайындық деңгейі — 40%.

— 633 қазандықтың 282-сі дайындалды, бұл 45%-ті құрайды. Су-кәріз желілері 44%-ке дайын. Жоспарланған 32,9 шақырымның 14,4 шақырымы жөнделді. Жылу желілерінің дайындығы 25% құрайды. 7,1 шақырымның 1,8 шақырымында жұмыс аяқталды. Жалпы ұзындығы 830 шақырымнан асатын электр желісінің 20%-ы жаңартылды. Сонымен қатар, әлеуметтік саладағы 1065 нысанның 436-сы жөндеуден өтті, — деді Арысұлан Айтбаев.

Ал Ақтөбе жылу электр орталығы биыл 13 қазандықты жөндейді. Оның 7-інде жұмыс аяқталды. Сонымен бірге 6 турбоагрегаттың 4-і жөнделді. Жылу таратушы «Aqtobe su-energy group» АҚ-ы 27 қазандықтың онын ретке келтірілген. Ұзындығы 1,5 шақырым болатын жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізді. Бұл жоспардың 36% құрап отыр. Биыл 16 шақырымдық су-кәріз желісі де жөнделеді. Ал электр қуатын жеткізуші «Энергосистема» ЖШС-і 833 шақырымнан асатын электр желісін қалпына келтіреді. Оның ішінде 255,8 шақырымына күрделі жөндеу жасалады. Қазіргі уақытта жұмыстың тек 20% орындалған.

— Көмір мен дизель отынының қорын алдын ала қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік нысандар мен әлеуметтік осал топтар тұратын үйлерге ерекше назар аудару қажет. Жылу беру кезінде іркілістерге жол беруге болмайды. Бәрі алдын ала дайын болуы тиіс, — деп тапсырды облыс әкімі Асхат Шахаров.

Айта кетейік, жылыту маусымында бюджеттік ұйымдарға 21 мың тоннадан астам көмір және 1,2 мың тоннадан астам дизель отыны қажет. Тұрғындар үшін 19 187 тонна көмір тасымалданады. Қатты отынды жеткізу тамыз айынан басталады.

Еске салсақ, Ақтөбеде білім беру ұйымдарын жөндеуге 5,4 млрд теңдеген астам қаржы жұмсалады. Күрделі жөндеу 19 білім беру ұйымына жүргізіледі