Ақтөбеде киберполиция алаяққа алданған зейнеткердің 9 млн теңгесін қайтарды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Зейнеткер ұстаз 20 жыл бойы жинаған қаржысын және сатқан пәтерінің ақшасын курьер арқылы салып жіберген. Киберполиция бүгін ақшаның тең жартысын қайтарды.

Фото: Ақтөбе облыстық полиция департаменті

Ақтөбе облыстық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бүгін алданған зейнеткерді полиция бөліміне шақырды. Өмір бойы мектепте мұғалім болып жұмыс істеген 70 жастағы ақтөбелік екі ай бойы алаяққа алданып жүргенін білмеген. Сөйтіп ол 20 жылдық жинағын, пәтер сатып, оның ақшасын алып, курьерге беріп жібереді.

- Зейнеткер тамыз айының басында ғана алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінген. Тергеу барысында алдымен 20 жыл бойы жинаған жинақ ақшасын, яғни, 9 миллион теңгені, кейін пәтер сатқаннан түскен қаражатын да алаяқтарға бергені анықталды. Екі жағдайда да ақша такси қызметі арқылы маусым және шілде айларының соңында жолданған. Алаяқтар кең таралған схема бойынша әрекет еткен. Алдымен жәбірленушінің телефонына 1414 нөмірінен SMS хабарлама келген, артынша өзін eGov порталының қауіпсіздік қызметі мен ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалып, банк шотына шабуыл жасалып жатқанын айтқан. Осы сылтаумен олар ақшасын «қауіпсіз шотқа» салуға көндірген. Жалғызбасты зейнеткерден шетелде тұратын қызына бару үшін пәтерін сатқалы жатқанын естіген алаяқтар тағы алдады. Оның сеніміне кіріп, пәтер сатудан түскен қаражатты да өздеріне жіберуге көндірген,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Кейін жедел-іздестіру шаралары жүреді. Киберполиция қызметкерлері ақшаның Шымкент қаласына жіберілгенін анықтады. Жедел топ ұрланған ақшаны іздеп тауып, тәркіледі. Ал бүгін полиция қызметкерлері жәбірленушіні бөлімге арнайы шақырып, 9 млн теңгені табыстады.

- Өмір бойы ұстаз болып еңбек еттім, өзімді сауатты адам санаймын. Бірақ алаяқтарға қалай сеніп қалғанымды түсінбеймін. Неге бірден полицияға немесе банкке жүгінбегенімді де білмеймін. Екі күннен кейін туған күнім. Бұл сіздерден алған ең үлкен сыйым болды,- деді ол ақтөбелік зейнеткер.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, алаяқтардан қорыққан ақтөбелік 22 млн теңгесінен айырылды. Алданған әйел 2 бөлмелі пәтерін сатып, несие де рәсімдеген. Қазір күдіктіні іздеу жұмысы жүріп жатыр.