Ақтөбеде киік етіне сұраныс жоғары
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Оралдан Ақтөбеге киік ұшасы жеткізіліп жатыр. Қазіргі кезде ет үш базарда сатылымға шықты.
Ақтөбе қаласының коммуналдық базарымен қатар екі сауда орнында киік еті сатуға шығарылған. Көбіне әлеуметтік желі арқылы хабарландыру беріледі.
Сол кезде көрген-білген адамдар лезде барып, өзіне ұнаған ұшаны таңдап, бөлшектеп алады. Келушілер бала кезде киік етінен дәм татқанын, қазір де балаларының сұранысымен келіп, таңдағанын жасырмады.
— Әйтеке би ауданында тұрғанмын. Бала кезімізде киік көп болды. Ол кезде киікті қорғау туралы заң болмады, мүйізінің бағалы, қымбат екенін де ешкім білмеді. Сол кезде киік етін жеген едік. Бірақ біраздан бері дәмін татпаған соң сатып алуды жөн көрдік. Қуырып, қайта жеп көргім келді. Немерем қарап, таңдап берші деген ұсынысын жерде қалдырмадым. Киік етінің пайдасы туралы көп біле қоймаймын, — деді қала тұрғыны Кенжеғали Қошанов.
Ақтөбе қаласындағы базарлардың біріне киік етін тасымалдап жатқан сатушылар бүгін де бір жүк көлігін түсіріп алды. Киік Орал қаласында сойылып, тазартылады.
Оны бір реттік пакетке орап, қатырады. Мұздатқышта әдбен қатқан соң ұшасын жүк көлігімен тасымалдайды. Екі қала арасына бір күн уақыт жеткілікті.
— Ақтөбе тұрғындары мен қонақтары тамыз айының соңы, қыркүйек айының басынан бастап киік етін сатып алып жатыр. Өтімі жақсы. Үлкен кісілер бала күнгі дәмді айтып келеді. Еті өте пайдалы. Ақуызға бай, диеталық ет. Жүкті келіншектерге де пайдалы. Себебі киік далалықта түрлі шөппен қоректенеді. Еті де дәруменге толы. Қазір киік еті бар. Араға 10-15 күн салып, әкеліп жатырмыз. Бір әкелгенде 3-10 тоннасын тасымалдап, мұздатқышта сақтап, сата береміз, — деді сатушы Артур Сағынтаев.
Әлеуметтік желі арқылы ғана емес, адамдар бір-бірінен естіп келіп жатыр.
— Бір ақтөбелік киік етін сатып алды, кейін оның артынан 10-15 адам естіп келді. Көбіне үлкен кісілер келеді мұнда. Сондықтан болар, бір жүк көлігіне тиілген киік еті кейде 2-3 күнде өтіп кетеді. Қазір біз кәуапқа дайын етіп тұздап беруді де жарнамалап жатырмыз. Кейбір сатып алушылар алдымен сол әдіспен дәмін татып, кейін ғана ұшасын сатып алды. Сонымен бірге киік етінен котлет те жасауға болады. Тапсырыс берсе, оны да жасап беруге әзірміз. Негізі көріп, таңдап алған дұрыс. Бір адам таңертең алып, кешке қайта әкелетін кездер болады, — деді сатушы Артур Сағынтаев.
Оның айтуынша, киік еті қазан айының соңына дейін сатылуы мүмкін.
— Көбі киік ату, оны сою жайын сұрайды. Бұл жұмыстың бәрі Орал қаласында атқарылады. Сойған соң қатырып, орап береді. Бір күнде Ақтөбеге жеткіземіз, — деді Артур Сағынтаев.
Айта кетейік БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, Оралда «Каиров» ЖК, «Амангелді» ЖК, «Жалпақтал» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және «Жеңіс» ЖК киік етін ұшалай сатып жатыр.
Экология министрі киік етінің сапасына ешқандай күмән болмауы керек екенін айтты. Себебі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының мамандары бүкіл процедураны қадағалайды.