Ақтөбеде қырылған ірі қара саны 50-ден асып кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Өңірге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары келді. Сауықтыру шараларын республикалық эпизоотияға қарсы жасақ жүргізеді.

Фото: АШМ

Ырғыз ауданының Қызылжар ауылдық округінде әлі де ірі қара мал өлімі тіркеліп жатыр. Ресми дерек бойынша 51 басқа жетті. Малдан тейлериоз, пироплазмоз және кейбірінен лептоспироз анықталды.

- Тейлериоз бен пироплазмоз – қансорғыш кенелер арқылы таралатын паразиттік аурулар. Ал лептоспироз жануарлардың аса қауіпті ауруларының бірі, оның негізгі табиғи тасымалдаушылары кеміргіштер. Бүгінде мамандар күн сайын елдімекендердегі үй-үйді аралап, ауру белгілері бар малды оқшаулау, емдеу және иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында шектеу іс-шараларын енгізу бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Сауықтыру шараларын республикалық эпизоотияға қарсы жасақ жүзеге асырады,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы.

Кеше Ырғыз ауданына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының және облыстық ветеринария басқармасының мамандары барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

- Бұл аурудың киіктен жұғуы мүмкін емес. Біріншіден «Охотзоопром» ӨБ РМҚК Ақтөбе филиалы қызметкерлерімен сөйлестім. Ауру тіркелген Қызылжар ауылдық округіне қарасты Құрылыс, Шеңбертал, Жаныс би ауылдарының тұсында киік жайылмайды. Екіншіден, бұл ауру малда кездескенімен, өңірде бұрын тіркелмеген. Биыл ауа райы ылғылды болып, кене көбеюі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда қазіргі кезде киік арасында ауру анықталмады,- деді Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаев.

Еске салсақ 21 маусым мен 14 шілде аралығында 39 ірі қара өлді. Өлексе жылжымалы инсинераторларда жойылады.