Ақтөбеде қоғамдық штаб өкілдері су кірген үйлерге барып, тұрғындармен кездесіп жүр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде қоғам белсенділері, депутаттардан құралған қоғамдық штаб өкілдері су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасылармен кездесіп, олардың үйлерін аралап жүр. Бүгінге дейін 230-дан астам кездесу өткізді.
Ақтөбеде облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық штабтар жұмыс істеп тұр. Олардың құрамында мәслихат депутаттары, «Amanat» партиясының, қоғамдық кеңестің мүшелері, бизнес құрылымдардың, білім беру, денсаулық сақтау, жастар бірлестіктерінің өкілдері, дін қайраткерлері бар.
- Басты мақсат – су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету. Қажет болған жағдайда штаб мүшелері проблемаларды шешуге тиісті мемлекеттік органдар мен қаржы мекемелерінің өкілдерін тартып, кездесу өткізеді. Уақытша орналастыру пункттеріне барып, ақтөбеліктерге түрлі бағыттарда көмек береді. Осы уақыт аралығында 230-дан астам кездесу өткізілді,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе қаласы бойынша эвакуациялық бекеттерде мыңнан астам адам болса, оның тең жартысы бала. Олардың көбі бау-бақша ұжымдарының тұрғындары.
- Қарғалы өзенінің бойындағы Құрылысшы-7 бау-бақша ұжымында тұрамыз. Сол аумақта 18 жылдан бері тұрамыз. Көктем келсе үнемі үрейде отырамыз. Сондықтан қауіпсіз жерге көшкіміз келеді. Ал эвакуациялық пункт деп бөлген жатақханамыз жайлы. Қызметкерлеріне ризамыз,- деді қала тұрғыны Толғанай Тілеуова.
Ақтөбе қаласы бойынша саяжай аумағында тұратын адамдардың кейбірінің құжаты дұрыс емес. Қоғамдық штаб осы тұста арнайы мамандарды шақырып, кеңес беруге көшкен.
- Кейбірі қосымша құрылыс салып, құжатты жаңартпаған. Сонымен бірге арасында құжатын жоғалтып алған адамдар да бар. Әр адамға жеке-жеке көмек беріліп жатыр,- деді Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, қоғамдық штаб мүшесі Естай Сейсенбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандары бойынша барлығы 3 мыңнан астам отбасынан өтініш түсті. Қалада барлығы 35 үй құлаған.