Ақтөбеде көктемгі су тасқынына дайындық жүріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Күзде ылғал нормадан төмен болды. Қазіргі кезде жердегі тоңның қалыңдығы 32-127 см жеткен. Төтенше жағдайлар қызметі сонда да 2 мың адам, 800-ден астам техниканы әзірледі.
Ақтөбе облысы биыл тасқын қаупі жоғары аймақтар қатарында жоқ. Облыстық ТЖД басқармасының басшысы Әлішер Сарбаевтың айтуынша, күзде ылғал нормадан төмен болды. Қазіргі кезде тоңның қалыңдығы 32-127 см болып тұр. Бұл қалыпты.
— Жоспар аясында өзен жағалауларын нығайту, тазарту, тереңдету жұмыстары істелді. Қорғаныс бөгеттері көтеріліп, нығайтылды. Су бұру, кәріз суы арнасы салынды, арықтар тазартылды. Қазіргі уақытта елдімекендерден 150 мың тоннадан астам қар шығарылды. Алдағы уақытта өзендерде мұз жару жұмысы жоспарланған. Жарылыс жұмыстары Ойыл, Үлкен Қобда, Шолақ өзендерінде жүргізіледі. Сонымен бірге көктемге 2 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника дайын. 400-ден астам мотопомпа, 105 жүзу құралы бар. Екі әуе кемесі әзір, — деді облыстық ТЖД басқармасының басшысы Әлішер Сарбаев.
Ақтөбе қаласында тасқынға қарсы бірқатар жұмыс істелді. Соның ішінде су басу қаупі басым болған бау-бақша ұжымдары маңынан өтіп жатқан өзен арнасы тазартылып, жағалау бекітілді. Су өткізу құбырының орнына көпір салынды.
— Ақтөбе қаласы Алматы ауданы бойынша су тасқынының алдын алу шарасына 500 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Қазіргі кезде тасқынға қарсы жұмыс аяқталып қалды. Шығыс тұрғын алабында ұзындығы 3 км жуықтайтын су бұру арнасы салынды. Қурайлы тұрғын алабында да дәл сондай жұмыс атқарылды. Өлке мен Авиатор-5 аумағында өткел салынды. Арықты қамыс, шөптен тазарттық, енді қарын алады. Барлығы 11 жерде қауіп болған. Бәрінде жұмыс атқарылды, — Ақтөбе қаласы Алматы ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Алмас Селубаев.
Оның айтуынша, Сүт зауыты мен Құрмыш аудандарындағы тұрғындардан қар шығару жұмысын ұйымдастыру туралы өтініштер түсіп жатыр. Мемлекеттік сатып алу конкурсынан соң бұл жұмыс та атқарылады.
Ақтөбе облыстық ТЖД басқармасының басшысы Әлішер Сарбаевтың айтуынша, өңірдегі ірі су қоймалары су қабылдауға дайын. Су қоймаларындағы су қоры әзірге 32%-42% болып тұр.
Айта кетейік, елімізде 831 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, топырақ үйінділері тұрғызылды. 1 мың шақырымнан астам дренаж жүйелері, арналар мен арықтар жөнделіп, қайта салынды. Автомобиль және теміржол учаскелерінде 934 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды.