Ақтөбеде қоқыс полигоны тағы өртенді

Видеодан алынған кадр/instagram.com/aqtobe_akimat
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Кеше Ақтөбе қаласындағы қоқыс полигонынан тағы өрт шықты. Шаһар әкімі Азамат Бекет оқиға орнына барып, жағдайды бағамдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 30 маусым күні сағат 21:00 шамасында қоқыс полигонынан өрт шықты. Оқиға орнына шаһар әкімі Азамат Бекет «Дыши, Ақтөбе» қоғамдық ұйымының жетекшісі Евгений Лазарчукпен бірге барды.

Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен өрт сөндіру қызметінің, «Табыс Ақтөбе» ЖШС және басқа да мердігерлердің арнайы техникалары тартылды. Қала әкімі түнгі ауысымда жұмыс барысын тоқтатпай, қосымша күш тарту арқылы жаппай топырақ төгіп, өрт ошақтарын сөндіру туралы тапсырма берді.

«Биыл өрт оқиғасы бірнеше рет қайталанып отыр. Мұны тұрғындар жақсы біледі. Бұл полигон 2007 жылы ашылып, бүгінге дейін қоқыс қабылдады. Өзінің қабылдау мүмкіндігін аяқтады десе де болады. Өртті сөндіру үшін жаппай топырақ төгіліп жатыр», - деді қала әкімі Азамат Бекет.

Еске салсақ, биыл маусым айының басында қоқыс полигоны өртеніп, қаланы көк түтін басқан болатын. Сол кезде экологтар тексеру жүргізді. «Зертханалық талдау бөлімінің мамандары талдау жүргізді. Қолдағы ақпаратқа сүйенсек, көміртегі оксиді 4,44 есе, азот диоксиді 16,3 есе, күкірт диоксиді 13,9 есе асып тұр. Экология департаменті қоқыс полигонына жауапты «Табыс Ақтөбе» ЖШС-іне жоспардан тыс тексеру тағайындады. Кәсіпкерлік кодексінің талабына сәйкес алдағы уақытта тексеру жүргізіліп, кінәлі анықталса, заң аясында жауапқа тартылады», - деген еді Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Тұрар Қожанов.