Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің туғанына 145 жыл толуына орай «Ақ тарының ақтаңгері» тақырыбында жылжымалы көрме жасақталды. Соның ішінде көне қыш ыдыстары да зерттелді.
- Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған көне қыш ыдыстарды зерттеу барысында ғалымдар тары тұқымдарының іздерін анықтады. Зерттеу нысаны болған қыш ыдыс шамамен 2 500 жыл бұрын жасалған. Археологиялық олжа Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Атпа қорымынан табылған. Аталған қорым 1986 жылы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ақтөбе педагогикалық институтының бірлескен археологиялық экспедициясы тарапынан зерттелген. Қыш ыдыстан тары іздерінің анықталуы Ақтөбе өңірінде ежелгі дәуірде тарының өсіріліп, пайдаланылған болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл дерек өңірдегі егіншілік дәстүрі мен ежелгі тұрғындардың шаруашылығын зерттеуде маңызды. Зерттеу жұмыстары ғылыми ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүргізілді. Зерттеуге Жапонияның Мэйдзи университетінің жетекші ғылыми қызметкері Эндо Эйко мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Археологиялық технологиялар зертханасының аға ғылыми қызметкері Жанаргүл Қалиева қатысты,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі.
Бұл зерттеу жұмысы туралы қорытынды әлі толық шықпады. Дегенмен музей қызметкерлері бұл Ақтөбе өңірінің көне тарихын тереңірек зерделеуге тағы бір себеп деп отыр.
- Тары – Еуразия халықтары ежелден пайдаланған мәдени дақылдардың бірі. Оның құрғақшылыққа төзімділігі мен қысқа мерзімде пісіп-жетілуі дала жағдайында өсіруге қолайлы болған. Зерттеу нәтижелері Ақтөбе өңірінің көне тарихын тереңірек зерделеуге және ежелгі тұрғындардың егіншілікпен айналысу ерекшеліктерін тануға мүмкіндік береді,- деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі.
Бұған дейін ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің майдан даласына қалай көмектескені туралы жазған болатынбыз.