Ақтөбеде көпқабатты үйде жарылыс болып, бір адам қаза тапты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе қаласында Абай даңғылындағы көп қабатты тұрғын үйде жарылыс болды . Бір адам қаза тауып, бірнеше адам эвакуацияланды.
Оқиға бүгін кешкілік болды. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, хабарлама 112 бөліміне түсті. Абай даңғылы бойында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің 4-қабатында әлдене жарылды. Салдарынан өрт шыққан.
- Оқиға орнына дереу жеткен облыстық ТЖД құтқарушыларының анықтауынша, жарылыс салдарынан шамамен 40 шаршы метр аумақта ашық жалын тұтанған. Сондай-ақ, 3 және 4-қабат арасындағы аралық құрылымдардың ішінара құлағаны тіркелді. Өрт толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілердің күшімен 73 адам эвакуацияланып, 1 адам құтқарылды. Алдын ала мәлімет бойынша, бір адам қаза тапты. Оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жұмыс жүргізіп жатыр. Апаттық-құтқару жұмыстары мен үйінділерді талдау жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері анықталады, - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде жасөспірімді автобус қағып кеткені хабарланды.