Ақтөбеде көші-қон заңнамасын бұзған 400-ден астам шетелдік елден шығарылды

Фото: Фото: Алматы қаласы ПД

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл Ақтөбе облысына келген 1500-ден астам шетелдік әкімшілік жауапқа тартылды. Оның 400-ден астамы сот қаулысымен елден шығарылды.

Биыл Ақтөбе облысына 20 мыңнан астам шетелдік келді. Олар жұмыс істеу, оқу және отбасымен кездесу үшін шекарадан бері өткен. Арасында кәсіпкерлер де бар.

- Шетелдіктердің 90 пайызы – еңбек миграттары. Олар жеке тұлғалардың келісімімен үй салуға келеді. Сонымен бірге аула сыпырушы, бала күтуші қызметтерін атқарады. Биыл 100-ден астам шетелдіктің төлқұжат мерзімі өтіп кеткен немесе жоғалтып алған. Соған байланысты оларға өз елдеріне оралу куәлігі берілді. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1500-ден астам шетелдік әкімшілік жауапқа тартылды. Оның 400-ден астамы сот қаулысымен елден шығарылды, - деді Ақтөбе облыстық ПД Көші-қон басқармасы бастығының орынбасары Сапар Амантаев.

Еске салсақ, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон қызметінің мамандары Пәкістан Ислам Республикасының алты азаматын анықтады.