Елордада көші-қон заңнамасын бұзған Пәкістан азаматтары елден шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM – «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон қызметінің мамандары Пәкістан Ислам Республикасының алты азаматын анықтады. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

 Елордада көші-қон заңнамасын бұзған Пәкістан азаматтары елден шығарылды
Фото: Астана қаласы ПД

- Аталған ел азаматтары Қазақстанға турист ретінде келген, бірақ саяхаттаудың орнына құрылыс алаңында жұмысқа орналасып, елде болу мерзімінен асып кеткені анықталды. Осылайша олар Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған. Сот шешімімен тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ел аумағынан күштеп шығарылды, - делінген хабарламада.

Елорда полициясының мәліметіне сүйенсек, жалпы жедел-профилактикалық іс-шара барысында заң бұзушылыққа жол берген 422 шетел және 70 Қазақстан азаматын анықталды. Іс-шара нәтижесінде 72 шетел азаматы елден шығарылды.

Осы орайда Полиция департаменті елге заңсыз келген шетел азаматтары туралы ақпарат болса, дереу жақын жердегі ішкі істер басқармасына немесе «102» нөміріне хабарласуды сұрайды.

Еске сала кетсек, сенатор Бибігүл Жексенбай Қазақстандағы заңсыз көші-қонның өсуі еліміздегі әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін басты проблеманың біріне айналып жатқанын айтып дабыл қаққан еді. 

Соңғы жаңалықтар