Заңсыз көші-қонның өсуі еліміздегі тұрақтылыққа қауіп төндіреді — сенатор
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы заңсыз көші-қонның өсуі еліміздегі әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін басты проблеманың біріне айналып келеді.

Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор Бибігүл Жексенбай айтты.
«Қазақстан географиялық орналасқан жағдайына орай заңсыз көші-қонның трансұлттық арналар санатына жатады. Қазір елімізде ресми мәлімет бойынша 300 мыңға жуық еңбек мигранты бар. Ал Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, биылдың өзінде 82,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 1,2 мыңға жуық жұмыс берушіге әкімшілік жаза берілді», — деді Б. Жексенбай.
Депутат Қарағанды облысында жалған еңбек шартын, медициналық анықтамаларды жасап, заңсыз есепке қойған халыққа қызмет көрсету орталығы мен емдеу мекемелерінің қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топ анықталғанын еске салды.
«Халықаралық миграция ұйымының есебіне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанға 3,7 млн-нан аса шетел азаматы әртүрлі себептермен келеді. Олардың қай үлесі Қазақстанда қалып немесе кетіп жатқаны туралы ешкім нақты айта алмайды. Заңды және заңсыз мигранттардың Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және Маңғыстау облысында шоғырлануы тек әлеуметтік-экономикалық емес, сонымен қатар қауіпсіздік мәселелерінің туындауына да әкелуі мүмкін», — деді сенатор.
Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, жаһандану және көші-қон ағындары күшейген жағдайда Қазақстанға шетел азаматтарының қозғалысын бақылауды күшейту, еңбек мигранттарын заңдастыру жүйесін дамыту және заңсыз көші-қон мен еңбек ресурсын пайдалануды ұйымдастырушыларға жазаны қатаңдату қажет.
Сенатордың сөзіне қарағанда, шекарада қатаң шаралар қолдану, бақылауда инновациялық технология пайдалану және мигранттар арасында хабардарлықты арттыруды көздейтін кешенді тәсілдер арқылы өсіп келе жатқан қауіпті еңсеруге болады. Қазақстан өзінің экономикалық мүддесін қорғап қана қоймай, қоғамда тұрақтылықты сақтап, барлығына қауіпсіз және әділетті түрде жұмысқа орналасуды қамтамасыз етуі маңызды.
«Заңсыз көші-қон мен адам саудасын ұйымдастырушыларға, жалған құжат жасайтындарға барынша қатаң жазалар қарастыру керек», — деді депутат.
Былтыр Қазақстанда 350 мыңнан астам еңбек мигранты тіркелгенін жазған едік.
Биыл қыркүйек айында осы жылы 281 мың рұқсат еңбек мигранттарына жеке адамдардың үйінде жұмыс істеуі үшін берілді.
Сәуір айында Қарағанды облысы прокуратурасының бастамасымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен бірлесіп, қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Қылмыстық схемаға халыққа қызмет көрсету орталығының, медициналық мекеме қызметкерлері және «көмекшілер» деп аталатындар кірген. Ақшалай сыйақы үшін шетелдіктерге уақытша тұруға 700-ден астам рұқсат заңсыз берілген.