Ақтөбеде қосымша иммундаудан кейін қызылша жұқтырғандар саны азайды

Фото: iStock

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — 2024 жылы 3700-ден астам адам ауырса, былтыр тек 32 дерек тіркелді. Өңірде кішкентай балалармен қатар жасөспірімдер де қосымша екпе қабылдады. 

Ақтөбе облысында 2023-2024 жылдары қызылша мен көкжөтел жұқтырғандар көп болды. Мәселен 2023 жылы 2179 адамнан, 2024 жылы 3772 адамнан жұқпалы инфекция анықталды. Сонымен бірге көкжөтелге шалдыққандар төрт есе артты. Сондықтан өңірде қосымша вакцина салу туралы шешім қабылданды.

— Облыста 6 айдан 11 айға дейінгі балаларды, 2-4 жастағы балаларды, медицина қызметкерлерін иммундау, сонымен қатар 18 жасқа дейінгі жастарды ілеспелі иммундау жұмыстары жүргізілді. Былтыр қызылша мен көкжөтел ауруының эпидемиологиялық ахуалы жақсарды. Бір жылда тек 32 адамнан қызылша анықталды. Дегенмен қазіргі күні қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы бізді алаңдатып отыр. Өйткені биыл қайта өсімі байқалды, — деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Койшанова.

Сонымен бірге кейінгі кезде өңірде жұқпалы тері аурулары, яғни дерматомикоз бен қышыма жұқтырғандар тіркелді. Көбі ит пен мысық асырайтындардан анықталды. Жеке гигиена ережелерін сақтамаған, уақтылы ем алмаған науқас балалармен араласқандар да дәрігер көмегіне жүгінді.

— Облыстағы жұқпалы аурулар ошағына 726 тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Барлығы 161 әкімшілік шара қолданылып, 8 миллион тенге көлемінде айыппұл салынды, — деді Райхан Қойшанова.

Айта кетейік, Елордада қызылша ауруын жұқтыру жағдайы үдеп барады. Олардың басым бөлігі балалар арасында анықталып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, инфекцияның таралуын тоқтату үшін халықтың кемінде 95 пайызы екпе алуы қажет