Ақтөбеде КТ мен МРТ аппараттарын жөндейтін маман мен орталық жоқ

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде медициналық кластер дамып жатыр. Бірақ бұзылған КТ мен МРТ аппараттарын жөндейтін маман жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе медициналық кластерінің бес айлығы қорытындыланды. Биыл адамдардың өмір сүру ұзақтығы 8 айға артып, 73 жас 5 айға жетті. Сонымен қатар, өңірде бала туу көрсеткіші артты. Яғни, Ақтөбеде табиғи өсім бар. Жылдың алғашқы бес айлығын қорытындылаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, Ақтөбеге БҚО, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарынан келіп емделушілер көп. Барлығы 800-ден астам адамға жоғары технологиялық қызмет көрсетілді. Кездесу кезінде ақтөбелік дәрігерлер КТ мен МРТ аппараттарын жөндеудің қиынға түсетінін айтып берді. Жылына сервистік қызмет көрсетуге 7 миллон теңге бөлінсе де, бұл аздық етіп тұр.

«Бұл сұрақтың шешімін табу үшін қаржыландыру жүйесін өзгерту керек. Жергілікті билік ретінде сұрақтың дер кезінде шешілгенін, яғни, МТР, КТ аппараттардың жұмыс істеп тұрғанын қалаймыз. Ал аппараттардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін мамандандырылған сервистік қызмет көрсету компаниясы болуы керек. Бізде мамандар да жоқ. Кейде адамдар емхана, ауруханада аппараттар істен шыққан деп шағымданады. Себебі, темір де істен шығады. Бізде оның қосалқы бөлшектері жоқ», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Қазіргі күні қымбат аппараттарды жөндеуге республикалық бюджеттен ғана қаржы бөлінеді.

«Денсаулық сақтау министрлігі қаржы бөліп, аппарат жөндеу мәселесін бақылауда ұстайды. Экономист маман ретінде бұл жүйеге қарсымын. Себебі, облыстағы аппаратты жөндеуге облыс қаржы бөлуі керек. Науқас Ақтөбеде, ал мәселе Астанада шешіледі», - деді Б.Сапарбаев.