Ақтөбеде құрылысы 10 жылға жуық уақыт бұрын басталған аурухананың құжаты қайта жасалады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Облыстық туберкулезге қарсы диспансер енді инфекциялық корпусы бар облыстық аурухана болады. Қазір жобалық-сметалық құжатқа түзету енгізіліп жатыр.
Ақтөбе қаласының Жаңақоныс тұрғын алабында құрылысы аяқталмаған емдеу нысаны ашық-шашық жатыр. Мұнда бір нысанның бірінші қабаты, өзге корпусының іргетасы ғана қаланған.
- Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп жатыр. Бұған дейін 300 төсекті облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің құрылысы басталған. Кейін туберкулезге қарсы диспансер қажет болмай қалады. Себебі науқастардың саны аз. Сөйтіп инфекциялық ауруханаға ауыстыру жоспарланды. Бірақ ел заңнамасы бойынша тек инфекциялық аурухана деп салуға болмайды. Енді инфекциялық корпусы бар облыстық аурухана болады.
Аурухана 300 төсек орынға жоспарланған. Оның 200 төсек-орны инфекциялық болады. 100-і ересектерге, 100-і балаларға. Ал қалған 100 орын инфекциялық ауруларға тығыз байланыста болатын бөлімдерге арналады. Биыл жобалық-сметалық құжатқа түзету биыл енгізіледі. Содан кейін ғана қаржы сұралады. Бастапқыда 4,5 млрд теңге болды. Бүгінде әжептәуір ақша шығар,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиаев.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, тапсырыс беруші - Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Сол кездері басқарма басшысы болған Серік Төленбергенов және "ANTARES PLATINUM" ЖШС-нің бас директоры Игорь Тарасов келісімшартқа 2016 жылы қол қойды.
Мемлекеттік сатып алу бiр көзден сатып алу тәсілімен өтті. Шарттың жалпы сомасы - 4 674 910 238 теңге.
Құрылыс 22 айда бітуі тиіс еді. Бұл 2018 жылдың желтоқсан айына дөп келіп тұр. Алайда құрылыс басында жұмыс тоқтап қалып, “сақалды құрылыс” қатарына қосылды.
Еске салсақ, Ақтөбеде тергеу изоляторы апатты жағдайда тұр. Қылмыстық атқару жүйесінің № 70 мекемесінде қазіргі кезде адам саны шамадан тыс көп.