Ақтөбеде курсант өліміне қатысты тергеу аяқталды

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазір Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Бүгін бейбіт жиналыс өтті. Ал қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, тараптар іс материалымен танысып жатыр. 

Курсант өлімінен соң Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігімен іс қозғалып, екі күдікті қамауға алынды. Оның бірі офицер, екіншісі сержант. Бүгін офицер З.Төлегенннің әйелі Алтынай Төлегенова пикет түріндегі бейбіт жиналыс өткізді.

— Мен әскери қызметкер Заманбек Төлегеннің әйелімін. Ол 31 шілдеден бері қамауда жатыр. Ал оқиға 15 шілдеде болды. Жолдасым негізі орта буын авиация мамандарын дайындайтын оқу орнында жұмыс істейді. Сол кезде іссапармен келді, нұсқаушы ретінде қатысты. Бірақ ол келгенге дейін де парашют дұрыс болмаған, — деді Алтынай Төлегенова.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ол бүгін әскери прокуратура алдында жалғыз өзі пикет өткізді. Әкімдіктен алдын-ала рұқсат алды. Сонымен бірге прокуратура алдына Нұржан Айденовтың әйелі де келді.

— Мен офицер Нұржан Айденовтың жолдасымын. Ол қазір курсант өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылып отыр. Тергеудің әділ өткенін қалаймыз. Себебі біз бұл оқиғаға басқа да адамдар кінәлі деп ойлаймыз. Жолдасым дәл осы институттың қызметкері емес, — делі Наргиз Айденова.

Ақтөбе гарнизонының әскери прокуроры Ролан Жеңісбаев қазіргі кезде тергеу аяқталғанын хабарлады.

— Әскер тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. Күдікті ретінде оқу-жаттығу жетекшісі және секіру алдындағы тексеруші танылды. Тергеу сотының санкциясымен күдіктілерге қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір тергеу әрекеттері аяқталып, қылмыстық іс материалдарымен танысу жүргізіліп жатыр. Басқа да лауазымды тұлғалардың қылмыстық жауапқа тартылмауы туралы уәж бойынша айтар болсам, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында істің барлық мән-жайы жан-жақты зерттелді. Заң бойынша парашют техникасын пайдалану саласындағы мамандар тартылып, тиісті қорытындылар, сарапшылардан жауаптар алынды. Сонымен қатар қатысушылардың жекелегендері бас әскери прокуратура басшылығымен туыстық байланысы бар деген уәждері негізсіз. Тиісті органдардан мәліметтер сұратылып, туыстық байланыстың жоқтығы анықталды. Басқа мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы талаптарына сай жария етуге жатпайды, — деді прокурор.

Еске салсақ, биыл шілдеде Ақтөбеде парашютпен секіру оқу-жаттығуында курсант көз жұмды