Ақтөбеде Қытай азаматына қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

None
ТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ақтөбеде Қытай азаматына қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды.

Бұл туралы бүгін апталық брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Ақтөбеде полицейлер Қытай Халық Республикасының 39 жастағы азаматына жасалған қарақшылық шабуылды ашты», - деді ол.

Оның айтуына қарағанда, үш бейтаныс адам жәбірленушінің жалдап тұрып жатқан пәтеріне баса-көктеп кіріп, тапанша секілді затпен қорқытып, құны 340 мың теңге болатын заттарын алып кеткен. Жедел-іздестіру шаралары барысында 25 және 26 жастағы 2 қала тұрғыны ұсталған. Олардың айтуынша, жәбірленушіні ойыншық тапаншамен қорқытып, кейін лақтырып жіберген.

«Сонымен қатар сол күні таңғы сағат 5 шамасында күдіктілер қала дәмханаларының бірінің қасында күш қолданып, 26 жастағы қала тұрғынының «Мерседес» көлігін иемденбек болған. Көлік иесі қарсылық көрсеткеннен кейін оқиға орнынан ізін суытқан. Қазігі уақытта аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 179 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды ұстау шаралары қабылданды», - деді Н.Ораз.