Ақтөбеде майлы дақылдарды жинау жұмысы қазанда аяқталады
Ақтөбеде егіс алқабы биыл 656 мың гектарға жетті. Соңғы үш жылда өңірде егіс алқабы 30 пайызға артып отыр. Басым бөлігі дәнді дақыл, ал 41 мың га - майлы дақыл.
«Ақтөбеде егін жинау жұмысы аяқталды. Барлығы 390 мың гектарға жуық алқап түгел шабылып, шаруалар әр гектарынан 12 центнер астық жинады. Алдын ала есеп бойынша 505 мың тонна астық қамбаға құйылды. Ауа райы қолайлы болса, 20 қазанға дейін майлы дақылды ору жұмысы аяқталады. Күзгі далалық жұмыстарына 9,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Баға республикалық көрсеткіштен төмен», - деді Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сарсембай.
Ақтөбедегі ауыл шаруашылығының 8 айлық көрсеткіші қорытыланған баспасөз мәслихатында шалғайдағы шаруалардың инфрақұрылымы айтылды. Мәселен, биыл жайылымдарды игеру мақсатында 72 ұңғыма құдық қазу жоспарланған. Оның 50-і қазылды. Сонымен қатар, 200-ге жуық шаруа күн сәулесі мен желден қуат алатын баламалы әдісті пайдаланып отыр.
«Өңірде дәстүрлі емес шаруашылық дамып келеді. Ақтөбеде бал арасына арналған облыстық бағдарлама қабылданды. Қазіргі кезде өнім өндіру 10-15 пайызға өсті. Мәселен, ешкі сүтінің литріне 60 теңге, бал арасының селекциялық жұмыстарын жүргізу үшін әр ұясына 20 мың теңге, бөдене жұмыртқасын өткізген кезде 3 теңге субсидия қарастырылған. Қазір өңірде дәстүрлі емес шаруашылық саны 1 мыңға жуықтады»,- деді Құсайын Сарсембай.