Ақтөбеде мектеп директоры «жала жапты» деп сотқа берген журналистің ісі жабылды

Фото: Фото: Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM. Ақтөбе қаласының әкімшілік мамандандырылған ауданаралық сотында журналист Асқар Ақтілеуге қатысты іс қаралды. Ырғыз гимназиясының директоры жала жапты деп сотқа арыз түсірген болатын.

Оқиға былтыр күзде болған.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен барған кезде гимназия ғимаратын аралап, кейін тұрғындарды қабылдады.

Сол кезде мектептің кіші қызметкері Мөлдір Ғапиз журналистерге білім ордасындағы олқылықтарды көрсетіп, шара қабылдау үшін Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанға да мән-жайды айтып берді. Кейін арада ай өткенде кіші қызметкер жұмыстан шығып, журналистерге хабар берді.

Мұның бәрін журналист Асқар Ақтілеу өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазып, ақпараттандырып отырды.

Іс материалына сүйенсек, Ырғыз мектеп-гимназиясының директоры әлеуметтік желідегі строисті сақтап, ҚР ӘҚБтК «жала жабу» бабы бойынша сотқа арыз түсірді.

— ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігінің санкциясы — 180 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасын көздейді.
Сот отырысында құқық бұзушының кінәсі өз дәлелін таппады, сол себепті сот қаулысымен азамат Асқар Ақтілеуге қатысты әкімшілік құқықбұзу өндірісі құрамы болмауына байланысы тоқтатылды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады Ақтөбе қаласының әкімшілік мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.