Ақтөбеде мектеп пен балабақша құрылысы ұзаққа созылып кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде мектеп, балабақша, спорт кешенінің құрылыстары дер кезінде аяқталмай, проблемалық нысанға айналды. Арасында құны 2,5 млрд теңге болатын білім ордасы бар. 

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Қазіргі кезде 6 әлеуметтік нысанның құрылысы жай жүріп жатыр. Олар: Байғанин ауданының Оймауыт ауылындағы 150 орындық мектеп-балабақша, Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы мектеп, Ақтөбедегі №51 мектеп-гимназиясының қоймасы, Темір ауданының Шұбарқұдық ауылындағы бассейн, Әйтеке би ауданының Әйке ауылындағы ангар типтегі спорт кешені және Шалқардағы фитнес-орталық. Мәселен «ARS BUILDING» ЖШС 2021 жылы Қандыағаш қаласы Самал ықшам ауданында 600 орындық мектеп салуды бастады. Жоба құны – 2,5 млрд теңге. Арада үш жыл өтсе де мектеп әлі қолданысқа берілген жоқ.

- 2023 жылдан бері бірнеше рет кездестік. Биыл мектептің құрылысын аяқтауға уәде берді. Жыл өтті, ештеңе өзгерген жоқ. Нысанның құрылысы әлі аяқталмады, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Кейін облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевқа құрылыс компаниясымен арадағы келісімшартты бұзып, сотқа беруді тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқынынан зардап шеккен ауылдарда бес білім беру нысанының құрылысын аяқтау, құрылысы ұзаққа созылған Шилісайдағы мектепті тапсыру, жыл соңына дейін Есет батыр тұрғын алабында орналасқан өрт сөндіру депосын пайдалануға беру сияқты тапсырмалар берілді. Ал Хромтаудағы өрт сөндіру бөлімін мердігер 2025 жылы аяқтауы тиіс.

- Әрқайсысыңыз өз міндеттемелеріңізді нақты түсінулеріңіз шарт. Құрылыс кестесін сақтау маңызды. Біз жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Жыл соңында компанияның әрбір басшысы өз сөздері үшін жауап береді. Енді ешқандай сылтау қабылданбайды», - деді облыс әкімі А.Шахаров құрылыс компанияларының өкілдеріне. 

Айтып өтейік, Ақтөбеде 124 әлеуметтік нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы 79 нысанға жобалық-сметалық құжат әзірленеді. Су тасқынынан зардап шеккен Мұғалжар және Ойыл аудандарының ауылдарында 5 білім беру нысаны бой көтеріп жатыр. Ойыл ауданы Ойыл ауылында 320 орындық және Мұғалжар ауданы Көтібар ауылында 60 орындық мектептер, сондай-ақ Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылында және Ойыл ауданының Ойыл және Қаратал ауылдарында үш балабақшаның құрылысы қарқынды.