Ақтөбеде мектептерді аттестациядан өткізу кезінде пара алған басшы істі болып жатыр

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті бөлімінің басшысы бірнеше рет пара алған. Ол қайта аттестациялау кезінде директорлардан 50-70 мың теңге сұрап, өз қажетіне жұмсаған. 

№ 2 Ақтөбе қалалық сотында Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті бөлімінің басшысына және Ақтөбе қаласы № 74 орта мектеп директоры, Нарқызыл негізгі орта мектебінің директоры мен Ырғыз аудандық бөлімінің сектор меңгерушісіне қатысты іс қаралып жатыр. Қылмыстық кодекстің «Пара алу», «Пара беру», «Парақорлыққа делдал болу» баптары бойынша айыптау актісі оқылды. Іс материалына сүйенсек, бөлім басшысы Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы әрі комиссия төрағасы болған кезде аттестациялауда сүрінген мектептерді қайта аттестаттау құжаттарымен танысады. Сол кезде мектепті еш кедергісіз аттестациядан өткізе алатынын білген комиссия төрағасы білім ордасының директорына хабарласып, қызметі үшін 70 мың теңге сұраған.

№ 74 орта мектеп директоры комиссия төрағасының заңға қайшы талабын орындап, ақшаны екіге бөліп аударады. Бірін көршісінің, екіншісі төрағаның әйеліне жіберіледі. Ал комиссия төрағасы оң қорытынды шығарып, ақшаны өз қажетіне жұмсайды. 

Екінші эпизодта Ырғыз ауданындағы Нарқызыл негізгі орта мектебі айтылады. Комиссия төрағасы ретінде мемлекеттік аттестаттаудан кедергісіз өткізуге ықпал жасай алатынын нақты ұғынып, мектеп директорынан делдал арқылы ақша түріндегі пара алуға бағытталған қылмыстық ниеті пайда болған. 

— 2025 жылдың ақпан айында төрағалық еткен комиссияның хаттамалық шешімімен мектепке аттестатталды деген қорытынды берілген. Комиссия төрағасы пара алуға бағытталған қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында Ырғыз ауданының білім бөлімінің сектор меңгерушісіне хабарласып, бұйрықтың фотосуретін жіберген. Кейін қайта телефон шалып, Нарқызыл негізгі мектебін қайталама аттестаттаудан кедергісіз өткізгені үшін оның директорымен арада делдал болуын сұраған. Сектор меңгерушісі заңсыз талабы орындалмай қалған жағдайда жағымсыз салдары болуы мүмкін деп ойлап, делдал болуға келісім берген. Мектеп директорына хабарласып, аттестаттаудан кедергісіз өткізгені үшін пара ретінде 50 мың тг ақша керектігін жеткізген. Мектеп директоры өзге біреу арқылы сұраған ақшаны берді, — деді сотта мемлекеттік айыптаушы.

Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті бөлімі басшысының кінәсі толық дәлелденсе мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, параның 60 еселенгеннен 70 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот отырысы кезінде айыпталушы өз кәнісін толық мойындады. Ал № 74 орта мектеп директоры Қылмыстық кодекстің «Пара беру» бабы бойынша тағылған айыппен келіспеді. Нарқызыл негізгі орта мектебі директоры мен Ырғыз аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі тек ішінара мойындады. 

Сондай-ақ Ақтөбеде Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы екі мердігерден миллиондап пара алғаны үшін айыпталып жатыр. Бірі су желілерін қайта жаңғырту, екіншісі тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым тарту жобаларының мердігері.